Бағдаршам орнатылды

Жыл сайын қала көшелері жаңа жол белгілерімен толықтырылуда. Мұның себебі де жоқ емес, өйткені, тәулік бойы ерсілі-қарсылы ағылған көліктердің қозғалысын реттеу үшін жол белгілерімен қатар бағдаршамдардың да атқаратын рөлі ерекше, онсыз көше қиылыстарында көлікпен жүру мүмкін емес. Ал, барлық қозғалысты жіті бақылап тұратын Ішкі істер басқармасының Жол полициясы бөлімі қызметкерлерінің, инспекторларының сандық жағынан қауқары жете бермейді.

Сонымен, көлік иелерінің назарына! Жаңа жыл қарсаңында жаңа бағдаршамдар Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің алды мен Наурыз–Асатов көшелерінің (№27 мектеп алды) қиылысында орнатылды. Көлік жүргізушілеріне мұндай жаңалықтың тиімділігін қала әкімдігінің өкілдері растап отыр.

– Көше қиылыстарында осындай бағдаршамдар болса, жол көлікке де, жаяу жүргіншіге де қауіпсіз болар еді. Жыл басынан бері мұндай бағдаршамдар Абай–Ұлытау көшелері, Абай көшесі Сәтбаев даңғылы қиылыстарында орнатылған. Сонымен қатар, 100 жол белгісіне тағы қосымша 40 белгі қойылады. Бұл мақсатқа қала бюджеті есебінен жеткілікті қаржы бөлініп, мердігер компания ретінде жезқазғандық «Жезстройторг» ЖШС таңдалып алынды, – дейді Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Досжан.
Енді бұл жолдарда көлік қозғалысы қауіпсіз әрі бұрынғыдан гөрі тәртіпті сақтауға мүмкіндік бермек. Ал, жол полициясы қызметкерлері болса, көлік жүргізушілердің орталық көшелердегі мұндай  жаңалықтарға назар салуын өтінеді. Өйткені, қаламыздың басты көшелеріндегі бағдаршам өзгерістері  жол-көлік оқиғаларының азаюына және жол ережелерінің мұқият сақталуына ықпал ететін жаңалық болып есептеледі. Қаладағы бағдаршамдардың санын көбейту – жол-көлік апатының алдын алудағы маңызды шаралардың бірі.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.