Қымбатты жерлестер!

Сіздерді шын жүректен келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймыз.

Жаңа жыл – жаңа үміттер, ең ардақты армандар мерекесі, және де өткенге көз салып, өтер жылды қорытындылайтын уақыт.
Аяқталғалы отырған Тауық жылы да өзінің берекесі мен тамаша табыстарға толы сәттерімен есте қалмақ. Өткен жылдан біз мол тағлым алып, биік белестерді бағындырып, келер жылға жақсы жол сала білдік.

Алдағы жаңа жылда біз өзімізге жаңа белестер мен жаңа мақсаттарды қойып отырмыз. Қаланың дамуы, инвестициялық жобалардың іске асырылуы, шағын және орта бизнесті қолдау, инфраструктураны да дамыту басты мақсат болып қала бермек.
Әсіресе біздің жастарға артар сеніміміз зор. Алдына қойған мақсаты бар, арманы асқақ, талабы биік жастарымыз Сәтбаев қаласының өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда мықты болуымызға барынша атсалысады деген сенімдеміз. Қала келешегі жастарға тікелей байланысты болмақ. Аға буынмен қатар жастар да бірігіп, жаңа жетістіктерге жетіп, кеншілер қаласының даңқын асқақтата береді деп сенеміз.

2018 жыл біз үшін айрықша жыл болмақ. Кішігірім тұрғын үйден басталып, бүгінгі таңда үлкен мекенге айналған қаламызға 45 жыл толады. Тарих парақтарының жаңа беттері ашылады. Қаламыздың әр тұрғыны қосып жатқан үлес, атқарылып жатқан жұмыстар да бізді бірлікке шақырып, туған қаламыздың тыныс-тіршілігінің артуына жасалған қызмет өз тарихымызбен қатар өзімізге тән дәстүрлерді сезіндіреді.

Қымбатты жерлестер. Сіздердің зор сенімдеріңіз бен қолдауларыңызға алғыс айта отырып, жаңа жылда отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, өмірлеріңізге бақ-береке тілейміз.

Жаңа жыл құтты болсын!

Сәтбаев қаласының әкімі А.Ыдырысов.
Қалалық мәслихаттың хатшысы Т.Хмилярчук.

Комментарии закрыты.