Кірме сөзге неге құмармыз?

Өткен жылғы Құрбан айт мерекесі қаламызда жап-жақсы тойланды. Білекті де белді жігіттеріміз арқан тартысып, кір тасын көтерді. Тіпті тірі тұсақты көтеріп, жеңгені сол малды иеленгенін де көрдік, бәрі жақсы. Тек, көңілге бір қонымсыз болғаны – жастарымыздың «Аллаһу Акбар!» деп ұрандатқаны болды…

Атам қазақ ықылым заманан бері білекті түрініп белдессе де, ата жауына аттанса да «Аруақ!» деп айбар шақыратын еді. Ал «Аллаһу Акбарын» мал бауыздағанда «сенде жазық жоқ» деп алып айтатын. Ал мына айқай қай айқай екенін ұға алмадым. Бірі «Такфир», деп, екіншісі оған «Аллаһу Акбар» деп үндесіп жатқаны.

Осы сауалға жауап іздеп ғаламторды ақтарып отырып мына бір ақпаратты кезіктірдім. Елге ой салар деген үмітпен жариялауды да жөн көріп отырмын.

«Біздің ойымызша, теріс діни идеологияға өзіміздің қазақы ұлттық мәдениетімізбен және Қазақстанда тұрып жатқан этностардың дәстүрлері мен мәдениетімен, рухани құндылықтарымен  тойтарыс бере аламыз. Ежелгі заманнан бері ата-бабамыздан жалғасын тауып келе жатқан дәстүріміз, өзіміздің мәдениетіміз, Қазақстанда тұрып жатқан басқа этностардың да салт-дәстүрлері мен мәдениеттері бар. Осыған байланысты біздің ұлттық дәстүрлі мәдениетімізге, әдет-ғұрыптарымызға қайшы келетін қайдағы бір шетелден келіп жатқан идеологияны немесе дәстүрлерді алу қисынсыз деп санаймыз», –  дейді аталмыш мақалада еліміздің Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев.

Сонымен қатар, ол туған тіліміздің өте бай екендігін атап айта келе, қазіргі уақытта көптеген азаматтардың кірме сөздерді қолдануды әдетке айналдырғанын сынға алады.
«Бүгінде жекелеген азаматтар өзіміздің тілімізде орныққан сөздердің орнына кірме сөздерді пайдаланатынына таңғаламыз. Мысал үшін, біздің ана тіліміздегі байырғы ауызашардың орнына «ифтар», ал бәрекелдінің орнына «машАлла» деп айтудың ешқандай қажеті жоқ деп ойлаймыз. Қысқаша айтқанда, теріс және радикалды  жат  идеологияға Қазақстанның барлық ұлттарының дәстүрлі мәдениетімен, рухани құндылықтарымен тойтарыс бере аламыз деп сенеміз», –  дейді Н.Ермекбаев.

Қысқасы, жұрттың қаңсығын таңсық қылмай, ата-бабадан мирас болып келе жатқан ұғымдардан ажырамайық. Дініміз дін аман болсын.

Аманкелді Ақшал.

Комментарии закрыты.