Жаңа жылдың жақсылығы жасыл шырша жанында

Өткен жылдың соңын ала ескі жылды есіркеп, жаңа жылды жарылқауды «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы «Нұр Отан» партиясы Қарағанды филиалы жалғады. Бұл күні жергілікті партия басшылығының өкілдері «Қазақмыс» корпорациясы қызметкерлерінің 250 баласын қамтып, жаңажылдық шыршада шаттыққа кенелтті. Мереке қаламыздағы «Керемет» мейрамханасында тойланды.

С.Қожамқұлов атындағы театр әртістері түрлі мультфильм кейіпкерлерін сомдап, балаларды қызыққа бөледі. «Фиксики» танымдық анимациясы арқылы балдырғандардың жүздерін бал-бұл жайнатса, «Мадагаскардағы» аңдар кейпіне енген әртістер тосынсый ретінде флешмоб әзірледі. Олар шыршаға қатысушылармен бірге би билеп, ән шырқады, түрлі қызықты ойындар ойнады. Мерекелік кештің көркі болған Аяз ата мен Ақшақар ортаға келгенде бүлдіршіндер мен ата-аналар мәз болысты.

«Қазақмыс» корпорациясы жанындағы «Нұр Отан» партиясының Қарағанды филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Шыңғысов құттықтау тілегін жеткізіп, шыршаның шамын жақты. Шат-шадыман күйге бөленген балалар разы болып, Тауық жылын құрметтеп шығарып салды. Келер Ит жылын қошеметпен қарсы алды.

– «Керемет» мейрамханасында «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы «Нұр Отан» партиясы Қарағанды филиалының ұйымдастыруымен Сәтбаев өкілдігіне қатысты барша кеншілердің балаларына арналған жаңажылдық шырша мерекесі тойлануда. Мейрамды тойлау Жезқазған қаласынан бастау алған болатын. Бұл шараға кеніштерде еңбек ететін кеншілердің балалары қатысуда. Оның ішінде көпбалалы отбасылар қамтылып отыр. Дәстүрге айналған шараның ерекшелігі – биыл бала санын көбейттік. Балаларға қуаныш сыйлау әрбір отбасының міндеті деп білеміз, – дейді «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы «Нұр Отан» партиясы Сәтбаев өкілдігінің есеп секторының меңгерушісі Динара Шумаева.

Кеш соңында барлық балаларға тәттілер салынған сый-қоржындар үлестірілді.

Нұрлат Қонысбай.

Комментарии закрыты.