«Арқалық – Торғай» тасжолы жөнделеді

Арқалыққа жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко бірнеше нысанды аралап, қала активімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Арқалық қаласының әкімі Амантай Балғариннің айтуынша, 2018 жылы жол жөндеу, қазба байлықтарын игеру, логистика мәселелеріне баса мән беріледі. «Елбасы Жолдауымен жүзеге асқан «Арқалық – Шұбаркөл» темір жолының іске қосылуының нәтижесінде логистикалық әлеуеті арта түсті. Сондай-ақ, қала Аманкелді, Жанкелдин және Науырзым аудандарының негізгі отын базасына айналды», – дейді қала әкімі.
Жиында мәлім етілгендей, «Петропавл – Арқалық – Жезқазған» мемлекеттік маңызы бар автомобиль жолдарының жекелеген учаскелері қайта жаңартуды қажет етеді. «Басты проблема — автомобиль жолдарының жарамсыздығы. «Арқалық — Қостанай» көтерме жолының сапасы жақсарғанымен, «Арқалық — Астана» тасжолы жөндеуді қажет етеді. Бұған қоса «Арқалық-Жезқазған» бағытының 205 шақырымы, «Арқалық-Державин» жолының 110 шақырымы қалыпқа келсе, біраз кәсіпкерлердің шаруасы жеңілдер еді», — деді еңбек ардагері Қайырден Жиенбаев.
Айтылған мәселелерді түртіп алған В.Божко қазір жол жөндеудің басты назарда екенін айтты.

Комментарии закрыты.