«Нұрбөбектегі» шырша тойы

Бүлдіршіндердің Жаңа жыл мерекесі туралы түсініктерін қалыптастырып, оларға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында №5 «Нұрбөбек» бөбекжай балабақшасында желтоқсан айында бірқатар іс-шаралар өткізілді. Солардың бірі – І«А» кіші «Жұлдыз» тобында тәрбиеші Нұргүл Жұманова өткізген «Шырша тойы» атты ертеңгілік.

Балабақшаның әсем безендірілген музыка залында өткен шараға мекеме басшысы Жамалқия Жаппасова және ата-аналар қатысты. Мұнда жасыл шырша жанында балалар би билеп, түрлі ойындар ойнады. Кешке қонаққа келген түрлі ертегі кейіпкерлері балаларға мерекелік қызықтар сыйлады. Әсіресе, бүлдіршіндерге «Аю мен қоян» ойыны ерекше ұнады. Бұл ойын балаларды би қимылдарын қызығушылықпен, әрі ұқыптылықпен орындауға үйретті. Жалпы ертеңгілік барысында кішкентай «Жұлдыздар» қуанышты көңіл-күймен барлық сайыстарға белсене қатысты.
Жаңа жылдық ертеңгіліктің ең ғажайып сәті жетіп, балаларға мерекенің басты кейіпкерлері Аяз ата мен Ақшақар қонаққа келді. Аяз атаның келуімен, жасыл шыршаның айналасы ән мен биге толып, нағыз тойға айналды. Балалар Аяз ата мен Ақшақарға арнайы дайындаған өздерінің тақпақтарын жатқа айтып, жаңа жылдық сыйлықтарға ие болды.
Аталмыш іс-шарада бүлдіршіндер жаңа жыл туралы мағлұматтар алып, кейіпкерлермен жақын танысты.
Ертеңгілікке қатысқан ата-аналар да өз тарапынан белсенділік танытып, кішкентайларға осындай мереке сыйлаған балабақша ұжымына алғыстарын жеткізіп, жаңа жылда мол табыс тіледі.

Марал Шахаева.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.