Қызмет көрсету қала әкімінің назарында

Қала әкімі қызмет көрсетілу сапасын байқау мақсатымен осы салада жұмыс атқаратын бірқатар мекемені аралады. Шаһар басшысы жұмыс сапары кезінде «Сәт-Тазалық», жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорындарының қызмет көрсету сапасына көңілі толмайтындығын жеткізді. Сапаны арттырып, тұрғындар игілігі үшін қолайлы жағдай жасауды тапсырған Асқар Ыдырысов мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелердің де мән-жайына қанық болды.

Алдымен Асқар Абылайұлы жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызмет көрсететін халыққа қызмет көрсету орталығында болды. Аталған мекеменің директоры Мұхтар Сүлейменов қала басшысына ХҚК-да көрсетілетін қызметтер турасында толыққанды ақпарат берді. egov электронды үкімет порталымен ұсынылатын қызметтерді пысықтаған әкім жеке тұлғаның мемлекеттік мекемелерге қатысты арыз-шағымын онлайн түрде қалдыруға болатындығын тексеріп көрді. Оған Асқар Ыдырысов қала әкімдігіне арнайы хат жаздыртып, өз шағымын қалдырды. Орталық қызметкерлерінің жұмыс барысымен танысып, жедел қызмет көрсетудің оңтайлы шешімдерін табуға шақырды. Өз кезегінде, жөн сілтеген орталық басшысы ұзын-сонар кезектен арылудың ұтымды жайттарын айта келіп, оларды жүзеге асыратынын жеткізді.

Одан кейін шаһар басшысы «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» бөліміне бас сұқты. Мұндағы жұмыс қарқынына қанық болған қала басшысы шағын кеңселерді кеңейтуге байланысты ұсынысын жеткізді. Себебі, 24 мемлекеттік қызмет түрін көрсететін бөлімнің бөлмелері аядай ғана. Тұрғындардың өтінішін қабылдауды жеңілдетуге электронды кедергісіз кезек жүйесі де енгізіліп қойылған мұнда. Электронды еңбек биржасы арқылы жергілікті жердегі сұраныстағы жұмыстың барын білуге де болады. Істеліп жатқан қауырт жұмыстарға риза болып, кеңселерді кеңейту ұсынысын жет­кізген Асқар Ыдырысов бөлім басшысына көп күттірмей жоспар құруды тапсырды.

Ал, мемлекеттік кірістер бас­қар­масындағы жағдай өзгеше. Жеке ғимараттың кеңейтілген кеңсесіндегі көрсетілетін қыз­метті алуда ешқандай кезек те, қиыншылық та жоқ. Басқарма басшысы Серікбай Қордабаевтың айтуынша, тұрғындардан қызмет көрсету сапасына байланысты арыз түспеген. Жақын арада басқарма ғимаратының кіре берісіндегі кіру-бақылау құрыл­ғысы алынып тасталатынын жеткізген басқарма жетекшісі әрбір азаматтың салық төлеуіне қолайлы жағдай туғызу шараларын баяндады.

Мемлекеттік мекемелердің жұмыс жасау ретімен таныс болған қала әкімі жұмыс сапарында шаһар тұрғындарына қызмет көрсететін кәсіпорындарды аралауды да назардан тыс қалдырмады. Қала тұтынушыларын электр энергиясымен қамтып отырған «Казэнергоцентр» ЖШС-ның Наурыз көшесі бойындағы бөлімшесіне бас сұққан әкім ондағы жұмыс ауанын байқап көрді. Өз кезегінде бөлімшеде электронды терминалдар жүйелі түрде қызмет көрсете бастаған. Яғни, тұтынушы қызмет үшін төлемін кезекте күтіп тұрмай-ақ өтей беруіне болады. Ұзын-сонар кезектен көз ашпайтын «Сәт-Тазалық» кәсіпорнының және «Сәтбаев қалалық жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны» ЖШС кассаларының жұмысына кейістігін білдірген Асқар Абылайұлы жұмысты бір жүйеге келтіруді, тозығы жеткен ғимаратты жөндеуден өткізуді тапсырды. Есік-терезесі тұмшаланған кассалардан арылып, тұтынушының төлем жүргізуіне қолайлы жағдай жасауды тапсырды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.