Тәжірибе алмасты

Мектептегі білім беру бағдарламасына жылдан-жылға оң өзгерістер енгізіле бастады. 5 күндік оқу жүйесінен бөлек, үштілділік жайы, оқу мерзімінің ұлғайтылуы, Ұлттық бірыңғай тестілеудің тың талаптары қоғамдағы басы ашық сұрақтарға айналғаны жасырын емес. Десе де, бұл реформалар оқушыға тек сапалы білім беріп қана қоймай, оны өмір тәжірибесінде қолдануға үндейді. Жуырда қаламызда жаңартылған білім мазмұнына байланысты облыстық семинар ұйымдастырылды.

Орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің басын қосқан жиын Қарағанды облысы білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының қолдауымен өтті. Шараның мақсаты жаңартылған білім мазмұны аясында ұстаздардың шығармашылық потенциалын арттыру болды. Абай атындағы №4 мектеп-лицейіне жиналған Сәтбаев, Жезқазған қалаларының ұстаздары алдында сөз сөйлеген қалалық білім бөлімінің оқу-әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ирина Беткер семинарды тәжірибе алмасудың тың алаңына теңеді.
– Жаңартылған білім мазмұнын өзіміз толық түсінбейінше, оң өзгеріс орын алмайды. Білім саласының бұл бағыты ұстаздар алдында үлкен дайындықты қажет етеді. Кей мұғалімдер тың өзгеріске өздігінше түрен салып оқытып жатырмыз десе де, оған пікір алаңына келіп, білім мазмұнының жаңартылуын қалай ұғы­натындығымен бөлісуі тиіс. Міне, бүгін тәжірибе алмасуға зор мүмкіндіктер туып отыр, – деді Ирина Михайловна.
Семинардың ашылуынан соң ұстаздар өзара бөлініп, жаңа форматтағы ашық сабақтарды байқап көрді. 2, 5, 7 сынып оқушыларына орайластырылған сабақтарды жүргізу баланың функционалдық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Яғни, алған білімді өмірде қолдануға, тәжірибемен ұштастыруға серпін береді дейді семинарға қатысушылар.
Семинарда, сонымен қатар, шеберлік сыныптары мен коучинг өткізілді. Мұнымен қоса, қазіргі заманға сай TEDx форматындағы дөңгелек-үстел ұйымдастырылды.

Нұрлат Қонысбай.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.