Ұстаздар үшін жаңа белес

Жыл сайын Елбасы Жолдауын қандай өзгеріс болады деп асыға күтеміз. Биылғы Жолдауда аса үлкен мән технологиялық жаңғырту және цифрландыру бағытына берілген.

Білім беру саласын қандай өзгерістер күтіп тұр?
«Біздегі оқушылардың жүктемесі ТМД елдерінің ішінде ең жоғары болып отырғанын және Эконо­микалық ынтымақ­тастық және даму ұйымы елдеріне қарағанда орта есеппен үштен бір еседен көп екенін ескеріп, оны төмендету керек. Білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту керек.
Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек. «Рухани жаңғырудың» мән-маңызы да нақ осында» – деп атап көрсетті Елбасы.
Мемлекетіміздің бола­шағы жас ұрпақ болса, сол ұрпақты тәрбиелейтін – ұстаз. Ендеше, қоғамдағы мұғалім мәртебесі туралы берген тапсырмалары бүгінгі таңдағы мұғалімдер қауы­мы үшін өте өзекті.
Білім берудің жаңар­тылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 пайызға көбейтуі мұғалім мәртебесін арт­тыруға деген нақты қадам деп білеміз.
2018 жылы қаңтар айынан біліктіліктер ара­сындағы алшақтықты арт­тырып, мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін ескеретін категориялардың жаңа кестесі енгізілетіні құптарлық іс. Категорияларды бүкіл әлемде қолданылып жүрген ұлттық біліктілік тест арқылы беру қажет және бұл педагогтарды өздерін ұдайы жетілдіруге ынталандыратын болады.
Нәтижесінде мұғалім­дердің жалақысы білік­тілігінің расталуына байланысты тұтастай алғанда 30 пайыздан 50 пайызға дейін өсетін болады.
Сонымен қатар, 2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттары енгізіледі.
2019 жылдан 10-11 сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндері ағылшын тілінде оқытылады.
2021 жылы орта білім беру саласында жаңартылған маз­мұнға (мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар) көшу аяқталады. 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесі әзірленеді. Сондай-ақ, орыс тілді мектептер үшін қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі әзірленіп, енгізіледі.
Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеу­меттік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді. Осы көштен қалмау үшін Елбасы алдымызда тұрған 10 міндетті айқындап берді.
Жаңа мақсаттар мен міндеттерді алға қойған, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын Жолдау халықтың болашаққа деген сенімін нығайтары сөзсіз.
Біздің ұстаздарымыз білім берудің жаңа сапаларға көшетінін және оның кәсіби даму тұрғысынан жаңа белеске көтерілетінін белсенді құптауда.

Қ.ЖАНАСЫЛОВА,
№16 мектептің директорының оқу тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, қалалық мәслихаттың депутаты.

Комментарии закрыты.