«Жүректен – жүрекке»

Үйге қонақ келсе, кез келген бала қуанады. Ал балалар үйінің тәрбиеленушілері сол қонақты ерекше асыға күтеді…

Қаңтар айында С.Сейфуллин атындағы гимназия қызметкерлері мен оқушылары «Жүректен – жүрекке» акциясы аясында, Жезқазған қаласындағы Мәруа Құлышева атындағы балалар үйінде болып қайтты. Балалар үйінің ұжымы, тәрбиеленуші балалар келген қонақтарды өте жылы шыраймен қарсы алды. Дәл сол күні балалар үйінде «Көңілді жәрмеңке» акциясы өтті. Онда балалардың өз қолдарымен жасаған қолөнерлер бұйымдары, пісірген дәмді тағамдары қонақтарға ұсынылды. Олардың қоғамға бейімделіп, өмірде өз қызығушылықтарын арттырып, пайдалы іске асығатындықтары бізді қуантты.

Балаларға гимназия ұжымы мен ата-аналары тарапынан жасалған сыйлықтар тарту етілді. Осы бір әдемі шара балаларды қуанышқа бөледі. Осындай дәстүрлі шараның үлкенге де, кішіге де берері мол деп білемін. Өмірдің сынағына төтеп беріп, жүздерінен күлкі айырмай жүрген батыл бүлдіршіндерді көріп, алған әсерімді жүрегімнен шыққан өлең жолдарымен жеткізсем деймін:

Өмірдегі шаттық, бақыт, қуаныш –
Біздер үшін мүлдем басқа түсінік.
Бұл өмірдің бізге берген сынағын
Шындығында жүрміз бе біз түсініп?!

Құшақ жайып саған барын беретін,
Өз үйіңде мейірімді шуақ тұр…
Сені өсірген ата-ананың қадірін
Білгің келсе жетімдерден сұрап көр..

Жанарына жас іркіліп қаншама,
Қиналса да сұрақтар мен күдіктен,
Жүрегінің түбіндегі тілегі
Терезеге телміреді үмітпен.

Мұңға толы мөлдіреген жанары,
Мейірімге толы құшақ іздейді.
Аңсайды олар алақанды аялы
Арманынан үміттерін үзбейді.

Жетімдердің жасымасын көңілі,
Сүрінбесін өмір атты сынақтан.
Шын жүректен өздеріңе тілерім –
Жар болсыншы өздеріңе Жаратқан!

Перизат Сұлтанғалиева,
С.Сейфуллин атындағы гимназия аға тәлімгері.

Комментарии закрыты.