Туған тілім – тірлігімнің айғағы

Тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлім мен тәрбиесінің негізі,қатынас құралы. Тіл болмаса сөз болмайды. Сөз болмаса адамзаттың тірлігінде мән-маңыз болмайтыны белгілі. Демек, тілдің, сөздің орны ерекше. Міне, осы орайда ана тіліміз жайлы терең ойлану әрқайсымыз үшін парыз. Жыл сайын тіліміздің мәртебесі өсіп, абыройы арта түсуде.

Өткен жылдың қыркүйегінде мектебімізде Тілдер апталығы аясында «Тіл тағдыры – ел тағдыры», «Тіл мерейі – ел мерейі», «Жасай бер, ана тілім – қазақ тілі» атты іс шаралар өткізілді. Тіл мәдениетін жетілдіру мақсатында мақал-мәтелдер сайысы, интеллектуалдық ойындар, мәнерлеп оқу т.б. іс шараларды ұйымдастыру арқылы оқушылардың сөйлеу мәдениетін дамыту жүзеге асырылады. Ұстаздар тек сабақ берумен ғана шектелмей, оқушылардың қатысуымен түрлі конкурстар мен олимпиадалар, қазақ тілінде көркем оқу сайыстары, пікірсайыстар өткізіп отырады. Қазақ тілі сабағында тіл тереңдетіліп оқытылады. Мәселен, түрлі жаттығу жұмыстары орындалады, деңгейлік, шығармашылық тапсырмалар беріледі. Бұл тапсырмаларды берудегі мақсат – оқушылардың тілдерін дамыту, сөздік қорын молайту, қазақ тілінде еркін сөйлеуге үйрету.
Қазіргі таңда, мемлекеттік тілді үйренушілер қатары күннен-күнге толыса түсуде. Мемлекеттік тілді оқып үйрену – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының басты міндеті. Тіл үйрену, өте оңай! Ең бастысы тіл үйренуші әрбір адам өзін-өзі жоғары бағалай білуі керек. Оған төзімділік пен жігер, талап пен терең ой қажет. Тілді үйреніп қана қоймай, қазақ халқының әдет ғұрпын, салт-дәстүрін қоса танып білуі, тілдің қыр-сырын үйренгенімен қатар, оны күнделікті тұрмыста қолдануы керек. Өйткені, ол – сөйлеу тілінің дамуына орасан зор ықпал ететін фактор. Қазіргі таңда тіл үйренудің көптеген амал- тәсілдері бар. Әр оқушы мемлекеттік тіл сабағына өз өзін үздік оқушыдай сезімде келсе, сабаққа бар ынта жігерін салса, ол адам алдына қойған мақсатына қол жеткізетіне сенімім мол. Әрбір оқушы мемелекеттік тілді үйренуге деген немқұрайлық пен жалқаулықты жеңіп, қазақ тіліне деген көзқарасын өзгертіп, бар ниетімен құлшына оқығанда ғана нәтиже болары белгілі.
Қазақтың даңқты Батыр ұлы Бауыржан Момышұлы «Өз тілінің сұлулығын сезінбей, өзге тілдің сұлулығын сезіну екіталай» деген екен. Сондықтан, осындай жауапкершілігі жоғары, мемлекеттік маңызы бар істе білім мен біліктілікті, сауаттылықты қатар алып жүргенде ғана жұмысымыз табысты болары сөзсіз. Данышпан Абай бабамыздың сөзімен айтсақ: «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге».

М.Акпарова,
№25 жалпы білім беретін орта мектептің қазақ тілі мұғалімі.

Комментарии закрыты.