Болашақ кілті – жастарда

ХХІ ғасыр – білім әлеміндегі бәсеке ғасыры. «Білімді мыңды жығады» деген халық даналығын дәлелдейтін уақыт келді.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман» деп айтқанындай, оқушыларымыз қазіргі заман талабына сай білімді, көзі ашық, көкірегі ояу, ой-өрісі, танымы арқылы бәсекеге түсіп, сан түрлі сайыстардан суырылып алда келеді. «Білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» -дейді Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Н.Ә.Назарбаевтың «Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі» деген сөзі «Мәңгілік Ел» болуға қадам басқан тәуелсіз Қазақстанның болашақта бәсекеге қабілетті, ұлттық құндылықтарын бойына сіңірген ақыл-ойы кемел тұлға болу жайын сөз етеді.
Елбасының биылғы Жолдауында да білім мәселесіне айрықша көңіл бөлінді. Тіпті, бұл саланы жандандыру, оған серпін беру мақсатында «білім беру саласын экономиканың жеке саласы ретінде дамыту керек» деген сөзі жаңашыл һәм өзекті болса керек. Сондай-ақ, ғылымға, жас ғалымдарды қолдауға қатысты маңызды тұжырымдары зор мүмкіндіктер береді деп сенеміз.
Білім мен рухани жаңғыруға байланысты ҚР Президенті нұсқаған дамудың жаңа мүмкіндіктерін жоғары сапамен жүзеге асыру кезек күттірмес міндеттер қатарында. Адам капиталына байланысты тың ұсыныстар айтылды, жаңа бағыттар айқындалды. Соның ішінде педагогика саласы мен ондағы мамандықтарды сапаландыруға қатысты тұжырымдар, білім мазмұнын заман талабына сәйкес құруға қатысты ойлар, ақпараттық технологияларды озық жүйе аясында дамытуға қатысты ойлар сала мамандарының көкейінен шығып отыр .
Бұдан бөлек, білім бағытындағы «жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындау» тезисіне ерекше басымдылық беріліп отыр. Сондай-ақ, балалар технопаркі мен бизнес-инкубаторын қалыптастыруға байланысты Елбасы бастамасы елордадан өңірлерге дейінгі білім жүйесіне жақсы ықпал ететініне сеніміміз мол.

Р. Макажанова,
№1 мектеп-гимназияның
қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі.

Комментарии закрыты.