Білім көзі – балабақшада

Үштұғырлы тіл саясаты аясында шетел тілдерін үйрену, олардың қолданыс аясын кеңейту – бүгінгі күннің кезек күттірмейтін өзекті мәселесі. Сондықтан тілдерді меңгерту балабақша табалдырығын аттаған сәттен бастап қолға алынуда. Сәтбаев қаласының №5 «Нұрбөбек» бөбекжай балабақшасының бұл бағыттағы атқарып жатқан шаралары айтарлықтай.

Солардың бірі – дүйсенбі күні балабақшада өткен «Үш тілді білемін» атты ересектер топтары арасындағы квест-ойыны. Іс-шараға қалалық білім бөлімінің әдіскері Гүлсім Есмұрзаева, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Мадинат Игенберлина, балабақша басшысы Жамалқия Жаппасова және тәрбиешілер қатысты.
Мемлекеттік тіл мен шет тілдерін үйренуге бүгінде мектепке дейінгі мекемелерде барлық жағдай жасалған. Кішкентай жасынан бастап балалардың шетел тілдеріне қызығушылықтарын арттырып, оларды үш тілді игеруде, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруда балабақша тәрбиешілерінің еңбегі зор.

Қазақ тілінің маманы Бақыт Манасбаева мен ағылшын тілі маманы Ақмаржан Тоқтамысова ұйымдастырған ойынның желісі бойынша балалар «Білім аралына» саяхат жасады. Қарақшының берген картасына сүйеніп аралға сапарға аттанған олар қазынаға толы сандыққа қол жеткізу үшін жолда кездескен үш тілдегі тапсырмаларды орындады. Іс-шара барысында балалар «Теңіз жұлдыздары» мен «Теңіз інжу моншақтары» атты екі топқа бөлініп «Танысу» – «Знакомство» – «Acquaintance», «Жұмбақтар» – «Загадки» – «Riddles», «Пазл» – «Puzzle», «Аудармашы» – «Переводчик» – «Translator», «Ертегілер» – «Сказки» – «Fairytales» және «Түрлі түсті сандар» – «Разноцветные цифры» – «Colorful numbers» атты тапсырмаларды орындады. Сонымен қатар, тапсырмаларды орындау кезінде балаларды сергітіп, дене мүшелерін қимыл-қозғалысқа келтіру мақсатында түрлі би ойындар да өткізілді. Тапсырмаларды орындау арқылы балалар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінен білімдерін кеңейтіп, ой-өрістерін дамытып, жаңа сөздер үйренді.

Шара соңында Гүлсім Есмұрзаева мемлекеттік және ағылшын тілдерінде үш тілді білім берудің маңыздылығы жайында айтып, балабақша ұжымына алғысын білдірді.
– Үш тілді меңгеру – бүгінгі күннің басты талабы. Біз мемлекеттік тілмен қатар орыс және ағылшын тілдерін де дамытып, оларды қажетімізге қарай қолдана білуіміз керек. Бүгінде ағылшын тілі балабақшадан бастап оқытыла бастады. Бала жастайынан шет тілін меңгерсе, болашақта оны кәсіби деңгейде үйренуге мүмкіндік алады, – дей келе, Мадинат Игенберлина балабақша ұжымына ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырмасы бойынша Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы құрастырған «Шаңырақ» лингвистикалық үстел ойынын тапсырды.

Марал Шахаева.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.