Ақиқатқа айналған арман

Өткенін білмеген, одан ғибрат алмаған адам өзінен кейінгі ұрпағына өнегелі сөз айтуы екіталай екендігі даусыз. Тарихтың қатпарларына сапар шеге отырып, ол шерткен сырына үңілмеу тұрлаусыз келешектің, баянсыз болашақтың айқын көрінісі болар еді. Жуырда қаламыздағы Кеншілер сарайында еліміздің басты ордасы Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналған «Ақиқатқа айналған арман» атты көрме өткізілді.

Жылжымалы көрме Кеншілер сарайы мен Жезді кентінің Мәкен Төрегелдин атын­дағы тау-кен және балқыту ісі тарихи музейі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өтті. Бірнеше тақырыптық көрмелерді қамтыған кешенді лекция форматындағы шара еліміздің бас қаласының тарихымен таныстыруды мақсат еткен.

– Астана тәуелсіз елдің астанасы ретінде 20 жылдығын тойлағанымен, оның мың жылдық тарихы бар көне қаланың орны болғандығын біле бермейміз. Археология ғылымы жеткен жетістіктерге қарасақ, бұл жерде 8 ғасырда Бозоқ қаласы орын тепкен екен. Ал, 11-13 ғасырларда Бозоқ нағыз гүлдену, өсу кезеңін бастан кешірген. Тіпті, қала Бетпақдаладан өтетін керуен жолдарының бір нүктесі болған. Кейіннен Ұлы Жібек жолының сауда-саттықтағы үлкен орталығы болып саналған. Сол Бозоқ қаласының орталығы бүгінгі деректерге қарасақ, қазіргі Елбасының резиденциясы Ақорданың орнына келеді, – деп тарихи деректер келтірген музейдің бөлім меңгерушісі Үрзия Қапарова тарихи дәйектемелермен оқу­шы­лардың мұнда қойылған жәдігерлер туралы сұрақтарына жауап берді.
– Көрмені қызықтап келген оқушылардың дені мұндағы 100-ге жуық экспонаттың тарихы төңірегінде сұрақтар қояды. Әсіресе, өлкенің өткеніне, мәселен, Жошы хан ескерткішіне қатысты деректер турасындағы сауалдары толастаған жоқ. Мұнда өз кезегінде оқушылардың қызығушылықтары артқанын байқаймыз. Өскелең ұрпақ өткенге көз салып, тарихи мәні зор тағылымды тәрбие алып жатса, өте қуанышты жағдай, – дейді музейдің бөлім меңгерушісі.
Музей қызметкерлерінің сөзін­ше, жылжымалы көрменің іске асырылуы бірнеше жылды қажет еткен. Яғни, музейлік-ағартушылық бағдарламалар негізінде белгілі бір тақырып алынып, толыққанды зерттеледі. Аудиторияның жас мөлшеріне байланысты лекциялар дайындалатын көрінеді. Аталған көрме бірқатар тақырыптар бойынша көрермен назарына ұсынылды. «Ата-бабалар ту тіккен астаналар» атты айдарда көне қалалар туралы сыр шертілсе, «Ақмола аңыздары» атты айдармен Ақмоланың жүз жылдық тарихы қамтылған. Бұдан бөлек, бабалар арманының орындалысы ретінде бас қаланың көрнекті ғимараты «Бәйтерек» монументін негізге алып, «Ертөстіктің мәңгілік елі» атты шағын композиция ұсынылды. Шара соңында оқушылар тарихи жәдігерлермен естелік суретке түсті.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.