Тіл мәртебесі – ел мерейі

Елбасының Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында белгіленген басым бағыттардың бірі – барлық қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы ретінде мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға басты назар аудару. Сондықтан, қоғамда қазақ тілінің мемлекеттік дәрежесін нығайту және оның әлеуметтік-коммуникативтік міндеттерін кеңейту еліміз саясатының басты стратегиялық басымдығы болып қала береді.

Мемлекеттік тілді дамыту Тілдерді қолдану мен дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаның басым мақсаттарына сәйкес жүзеге асырылып келеді. Осы мақсатта Қазақстан халқы Ассамблеясы да өзінің стратегиясында мемлекеттік тіл мен қазақ халқының мәдениеті Қазақстанның барлық этностарының бірігуі жолында басты рөл атқаратынын атап өткен. Бұған дәлел ретінде соңғы жылдары Қазақстанда қазақ тілінде еркін сөйлейтін адамдар санының біртіндеп көбейіп келе жатқаны, жыл сайын Тіл комитеті жүргізетін тілдік жағдай мониторингі деректерінен айқын байқалуда. Бұған қоса, зерттеу нәтижелері орыстілді қазақтардың мемлекеттік тілді меңгеруге деген ұмтылысы да белсенді түрде жүзеге асырылып келе жатқаны байқалады. Сондай-ақ, соңғы жылдары орта мектептерде қазақ тілін оқыту сағаттары көбейтіліп, қазақ мектептері мен қазақ бала бақшаларының саны артты.
Басты мақсаттың бірі – тілдік мұраны сақтау және қоғамдық өмірдің барлық саласында қазақ тілінің қолданылуын қамтамасыз ету, оның барынша дамуына қол жеткізу Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін нығайтуға байланысты бірқатар жұмыстар жасалып, осы мақсатта жаңа іс-шараларды жүзеге асыру көзделуде. Көңілге қуаныш ұялататын жақсы нышан, ол көптеген қазақстандықтардың балаларын қазақ мектептерінде оқытып, олардың мемлекеттік тілде білім алуы үшін жағдай жасауға ұмтылуы болып отыр. Соңғы әлеуметтік зерттеулер нәтижесі балаларына қазақша білім беруді қалайтын қазақстандықтар санының артып отырғанын байқатты. Балаларына қазақ тілінде кәсіби білім беруді қалайтын қала қазақтары санының көбейіп келе жатқаны да қуантады. Республика бойынша екі мыңға жуық өзге тілді оқушылар қазақ тіліндегі мектептер мен сыныптарда білім алуда. Сондықтан, білім беру мекемелерінде мемлекеттік тілді тереңдетіп енгізу және жастарға баса назар аудару арқылы тіл саясатын жүргізу мол жемісін береді деп ойлаймыз.
Белгілі бір тілдің мемлекеттік мәртебеге ие болуы оңай бола қалатын іс емес. Себебі, ол тіл сол мемлекеттің иесі болып отырған халықтың мүддесінен шығып, барлық саладағы мұқтаждықты өтей алатын дәрежеде болуы шарт. Яғни, ол өнер, әдебиет, мәдениет, баспасөз, радио, теледидар, дипломатиялық қарым-қатынас, ғылым, өндіріс, ресми іс қағаздар, т.б. салаларда қызмет ететін қоғамның қажетті құралына айналуы керек. Есеп-қисап, қаржылық және техникалық құжаттамалар да осы тілде жүргізілуге тиіс. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдары, Қарулы Күштер, ғылым және білім беру салалары, халықаралық қызмет те осы талаптарға толық жауап беруге міндетті.

М.Мухәділ,
Сәтбаев қалалық қазынашылық басқармасының басшысы.

Комментарии закрыты.