«Ауғанның асуында от кешкендер»

Осындай атаумен қалалық мұрағат бөлімінде кездесу ұйымдастырылды. Жиынға сұрапыл соғыстың ардагерлері шақырылды. Олар оқушылар мен бөлім қызметкерлеріне естеліктер айтып, әсерлі әңгіме өрбітті.

Аманай Шахтаев, Ертай Жанкелдиев, Төремұрат Байжанов, Елубай Есов бүгінде омыраулары орден мен медалге толы арда азаматтардың бір қосыны. Қанды соғыстың куәгері, интернационалдық борышын абыроймен атқарып келген айбынды сарбаздар ешқашан құрмет биігінен түспеуі тиіс. Елдің жарқын ертеңі олардың ақеділ тілегінде, еселі ерлігінде.

Мұрағат ұжымы жауынгерлерге сөз тізгінін бермес бұрын бүгінгі ардагер кешегі жауынгер азаматтар жайындағы бейнебаян ұсынды. Кеш қонақтары жерлесіміз, майдан даласында қаза болған Олег Морозовқа арналған көрмені тамашалады. Мұрағаттағы жеке тектік қорда сақталған құнды мұраны боздақтың анасы арнайы келіп тапсырған. Қарулас досын еске алған ардагерлерге мұрағат қызметкерлері де өздерінің құжаттарын тапсыруға болатынын ескертті. Бұл шаралардан соң қатысушылар дөңгелек үстел басына жиналып, әсерлі әңгіменің тиегін ағытты. Қатысқан қанды ұрыстар жайлы әңгімеледі.

Кездесуден соң архив бөлімінің басшысы Жаңбырбай Дәрібаев қатысушыларға алғысын білдіріп, Алғыс хаттар табыстады. Жаңбырбай Әбжәмитұлы алдағы жылы Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай, қаланың ардагерлеріне арнап жинақ шығарылатынын мәлім етті. Жиыннан соң қатысушылар естелік суретке түсіп, тоғайған көңілмен тарқасты.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.