Кәсіби курстарды меңгерді

Газетімізде бұрын хабарлағанымыздай, тұрмыстың түрлі қиыншылығына тап болған ана мен балаға тегін көмек көрсететін «Шаңырақ» дағдарыс орталығы «Ашық жүрек» атты жобаны жүзеге асырған болатын. Осы арқылы орталық аз қамтылған нәзікжандыларға тегін курстар ұйымдастырған еді. Бүгінде сұранысқа ие кәсіптерді толық меңгеріп шыққан 20 әйелдің бесеуі тұрақты жұмыспен қамтылып үлгерді. Өткен аптада оларға сертификаттар табысталды.

«Шаңырақ» дағдарыс орта­лығының директоры Қаламқас Абдуалиева бұл жобаны жүзеге асыруға үш жыл уақыт дайындалған. Алдымен еңбекке құштар аналарды іздеп, кейін қолдау көрсетуге құлықты кәсіпкерлерге сұрау салды. Еңбегі еш кетпей, әйелдер шаштараз, тырнақ сервисі, массаж ісі сияқты мамандықтардың сан қырымен танысып, игеріп шықты. Мұнымен қоса, қаржылай сауаттылық негіздері де үйретілді.
– Мұндай курстың өткізіл­геніне алғысым шексіз. Жел­тоқсаннан басталған оқулар енді тәмамдалды. Білікті мамандардан тәжірибе жинадық. Қолға алған сертификат енді жемісті жұмыс жасауыма серпін береді деп ойлаймын, – дейді Гүлжаз Әбжамалова.
– Мен қиыншылық көре отыра, оқуға құлшыныс білдірген әйелдердің барлығын жақсы білемін. Олардың мәселелерін шешуге тырысамын. Мұндай мүмкіндіктердің пайда болғанына, қолдан келгенше көмек көрсеткеніме ризамын. Алып бастама болмаса да, біршама әйелдің қоғамдағы орнын айқындауына септігім тигеніне қуаныштымын, – дейді орталық директоры.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.