Мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесі

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің бастамасымен Сәтбаев қаласының әкім аппараты мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесін ұйымдастырды.

Жәрмеңкенің мақсаты мем­лекеттік қызметтер туралы халықты ақпараттандыру, оларға кеңестік-әдістемелік жәрдем беру, тұрғындар арасында электронды түрде көрсетілетін мемлекеттік қыз­мет­терді насихаттау және электрондық қызмет алуға тә­жі­рибелік көмек көрсету болды.

Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өткен іс-шараға әр түрлі бағыттар бойынша мемлекеттік қызмет көрсететін 28 мемлекеттік орган қатысты. Олардың ішінде «Азаматтарға арналған үкімет» МК, ішкі істер бөлімі, кәсіпкерлер палатасы, денсаулық сақтау саласы, білім бөлімі, азаматтық хал актілерін тіркеу, банктер, қорғаныс істер жөніндегі бөлім, мемлекеттік кірістер басқармасы, сондай-ақ, жер қатынастары, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, ветеринарлық саланың өкілдері болды. Олар келушілерге мемлекеттік қызметтерді ұсыну тәртібін түсіндіріп, egov.kz «электрондық үкімет» порталы арқылы көрсетілетін қызметтер туралы кеңінен жеткізді. Мәселен, іс-шараға қатысқан «БЖЗҚ» АҚ Жезқазған қалалық өңірлік филиалының барып қызмет көрсету бөлімінің бас­шысы А.Берлібеков пен Сәтбаев қаласының қызмет көрсету орталығының басшысы Ж.Оспанова келушілерге элек­трондық қызмет түрлері, оның ішінде интернет үзінді көшірме, ЭЦҚ арқылы өтініштер тапсыру туралы кеңестер берсе, халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары электронды цифрлық қолтаңбаны алуға көмек тигізді.
Жәрмеңкенің жұмысымен қаламызға арнайы іс-сапармен келген ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Жандос Сәрсенов пен қала әкімі Асқар Ыдырысов танысты.

– Сәтбаев қаласында осын­­дай жәрмеңке екінші рет өткізілуде. Оның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметтер жай­­ында халыққа ақпарат беру, электронды цифрлық қолтаңбаларды әйгілендіру және оны алу жолдарын түсіндіру. Электронды түрде көрсетілетін қызметтердің са­ны көп болғанымен, қазіргі уақыт­та халық оны тиісінше пайдаланбай жүр. Сондықтан оның тиімділігі де болмайды. Бүгінгі жәрмеңкенің бірден бір ерекшелігі – адамдар тек көрсетілетін қызметтер туралы ақпараттанып қоймай, сонымен қатар ЭЦҚ-ны алып, бейнеролик арқылы оны қолдану жөнінде дәріс алу. Статистика бойынша облысымызда эко­номикалық активті белсенді азаматтардың 45% электронды қолтаңбаға қол жеткізген. Ғаламтор арқылы түрлі анықтама алудың көптеген мүм­кіндіктері бар. Енді біз үшін ең маңыздысы – осы мүмкіндіктерді тұрғындардың электронды қолтаңба арқылы тиімді пайдалануы, – дейді департамент басшысы Жандос Сәрсенов.

Жәрмеңке барысында әрбір азамат өздерін қызықтырған сауалдарына жауап алып, мамандардан кәсіби деңгейде кеңес алды.

Марал Шахаева.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.