Шығармашыл жастар үшін

Білім саласына бағытталған біраз жұмыстардың дені жаңартылған білім беру мазмұнына байланысты болып келеді. Қаламыздағы мектеп ордалары осы өзгеріске өзіндік тәсілдерін көрсетіп, болашаққа бағдар жасауға атсалысуда. Өткен аптада Сәкен Сейфуллин атындағы гимназия ұжымы аталған жаңашылдыққа қатысты ашық сабақтар өткізіп, өзге білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне шығармашылық күнін ұйымдастырды.

Әу баста мектеп оқушы­ла­рының инновациялық жобалары таныстырылды. Сан алуан идеялары бар жастар өз ойларын жүзеге асыру жолдарын қарастырып та қойған. Бірі робототехникада жеткен жетістіктерімен бөліссе, бірі баламалы энергия көздерін табуға талпынған. Жасөспірімдердің жастайынан жаңалыққа қызығушылық танытуы, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту білім ордасы мұғалімдерінің орасан еңбегі екендігі даусыз.
Шара «Гимназия оқушыла­рының көзімен» тақырыбындағы оқушылардың өнер көрсетуімен жалғасты. Жиын барысында сөз алған мектеп басшысы Гүлбану Сүйінжанова өтетін сабақтардың барлығы мұғалім тәжірибесін таныстыруға бағытталғанын айтты.

– Білім және тәрбие берудегі бекітілген бағдарламаларға сәйкес, ұстаздарға қойылатын талап жоғары. Бүгінгі сабақтар оқушылардың болашақтағы ма­манд­ықтарын таңдауға, бағыт-бағдар беруге арналып отыр. Әрбір жас өзінің болашағын мектеп кезінен бағамдап, мақ­саттарына жетуі тиіс, – деді гимназия директоры.

Үштілділікті ұршықша иіруге талпынған гимназистердің оқу қарқыны күшті. Жалпы пәндерді туған тілінде түсіндіріп қана қоймай, ағылшынша оқу әдетке айналған мұнда. Курс­тық сабақтардан бөлек, әдеби кештер, тренингтер ұйымдастырылды. Сонымен қа­тар, «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» тәжірибесімен алмасу мақсатында мұғалім­дердің кәсіби шеберлігін арттыру үшін шеберлік сыныптары мен ток-шоулар өткізілді.
Сондай-ақ, шығармашылық күнінде мектептің 2000 жылғы түлектері оқу залын сыйға тартты.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.