Ерлікке – тағзым, ардагерлерге – құрмет

Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 29 жыл толды. Саяси соғыстың зардабы талай боздақтың өмірін қыршынынан қиылуына әкеп соқты. Жат жерде жаудың оғынан қаза тауып, майдан даласының мәңгілік құрбандарына айналды. Соғыс сүргінінде жанын шүберекке түйген сарбаздардың біршамасы іс-түссіз жоғалды, мыңға жуығы мүгедек болып оралды. Оқ пен оттың ортасында интернационалдық борышын өтеген жауынгерлердің жан жарасы жазылмаса да, жанымызда жүріп көрсеткен ерлігіне құлақ асу біздің қасиетті борышымыз болып қала бермек.

Табаны күректей 10 жылға созылған сұрапыл соғыста қаза тапқан азаматтарды қатарластары «Тағзым алаңында» еске алды. Құрмет сөздері айтылып, гүл шоқтары қойылды. Ардагерлер бүгінгі бейбіт күннің қадірін түсінуді өз тілектеріне қосты.

Одан кейін қанды майдан жауынгерлері кеншілер сарайында ұйымдастырылған салтанатты жиынға қатысты. Кештің шымылдығын омыраулары орденге толы ардагерлер мен оқушылар ашты. Кешегі зұлмат кезеңнің куәгерлері өткенін қайта еске алса, бүгінгі бейбіт күннің ұландары туған елдің тыныштығын күзетуге уәде берді.
Жиында Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Сұлтан Нарботаев ерен еңбектерімен үлгі жауынгер-интернационалистерге өз құттықтауын жеткізіп, баянды ғұмыр тіледі. Ауған соғысы ардагерлері одағының төрағасы Сайлау Қайранбеков замандастарын айтулы мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Әсерлі әуендерге де кезек берілді кеште. «Ты за Россию, я за Казахстан», «Господа офицеры», «Отанды сүю иманнан», «VIVAT» әндерін қаланың белгілі өнерпаздары шырқады. Төрден көрінген құрметті қонақтарға естелік сыйлықтар табысталды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.