Қазақ тілінің жаңа белесі

Қазақ тілінің латын графикасына көшу мәселесі – ұлтты дамытудың объективті факторы. Латын – әлем өркениеті мен техникалық прогрестің әліпбиі.

Алаш қайраткерлері де латын әліпбиін жазу-сызуда қолданды. Біздің еліміз латын қарпін іс-қағаз құжаттарында, әдебиет, мәдениет және басқа да салаларда 1929-1940 жылдары пайдаланылғаны тарихтан белгілі.

«Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты», – деп Елбасы айтқандай, латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Ал ғалымдарымыз осы қаріпті қолдану арқылы әлемдегі ең дамыған өркениетті елдермен тереземізді теңестіре аламыз деген пікір айтып, оның тиімді тұстарын дәлелдеп бағуда. Ендігі кезекте, сол ғалымдарымыздың жан-жақты еңбегі сараланып, түрлі әдістемелік жұмыстар жүргізілетінін ақпарат көздерінен оқып-біліп танысып жатырмыз.

Латын әліпбиін қолдану озық техника мен компьютер тілін меңгеруге жол ашады дегеннен бөлек, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтеді, шет елде жүрген қандастарымызды осы жазу арқылы қазақ жеріндегі барлық жаңалықтан хабардар қылады деген де әңгімелер айтылып жүр. Бұл бастама, шынымен, еліміздің әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену жолына ашылар есік болар деп ойлаймын.

С.Базылбек,
С.Сейфуллин атындағы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Комментарии закрыты.