Латын әліпбиіне көшу – заман талабы

Латын әліпбиіне көшу әлі де екі жақты пікір тудырып отырған өзекті мәселе болып қалуда. Тіл жанашырларының бір тобы латынға көшуді қолдаса, кейбір зиялылар қауымы әліге дейін қарсы болып келеді…Әңгімені әріден қозғасақ. 1917 жылғы болған төңкерістің желі Ресей жерін ғана емес, оның айналасындағы көрші жатқан елдердің барлығын шарлап, біздің еліміздің де тарихы мен тілінде өшпес із қалдырды. 1920 жылдардың басында сол кездегі биліктің бастамасымен араб әрпімен жазып келген түркі тілдес халықтардың барлығын жаппай басқа әліпбиге көшіру саясаты қолға алынды. Сонымен бірге, бұл саясаттың астарында әліпбиін жоғалту арқылы ислам дінінің ықпалын жою да көзделгені анық. 1925 жылы латын әрпіне көшіру туралы конференцияда сөз алған сол кездегі мемлекет қайраткері А.Микоян: «Бұл әліпбиге көшу арқылы еуропалық және мұсылмандық өркениеттің арасына қабырға қойылып, Батыс пен Шығыстың арасында жаңа қарым-қатынас орнайды» деп болжам жасады. Басында араб әліпбиінің негізінде жаңа заманға лайықты әліпби дайындау туралы ұсыныстарды талқыға салғанымен де, осы жиыннан кейін латын әліпбиіне көшуді жақтаушылар белсенді әрекет ете бастады. Араб әрпімен жазылған рухани мұраны жойып алу қаупі ол кездегі билік иелерін мүлде толғандырған жоқ, араб әліпбиімен жазылған кітаптар мен ондай дүниелерді сақтағандарды аяусыз жазалау шаралары жүргізілді. Осындай жазалаудың мысалдарының бірі ретінде, Әндижан қаласындағы бір партия қызметкерінің үйінен табылған кітап үшін НКВД оны ату жазасына кесті. Кейін ол кітаптың ең алғаш араб әліпбиімен жазылған «Коммунистік партияның манифесті» атты кітап екені анықталса да, ол кезде кітаптың иесі атылып кеткен еді. Осы қатал саясаттың күшімен Кеңестер Одағының құрамындағы түркітілдес елдердің барлығын латын әліпбиіне көшіру науқаны басталды. Ең бірінші қадам Кавказ және Әзірбайжан елінде жасалды.

Латын әліпбиіне көшіру тәжірибесі Әзірбайжан елінде жүргізілді. Осы тәжірибе негізінде бүкіл Кеңес елдерінде латын әліпбиіне көшіру жүйесі пайда болды. 1926 жылы 26 ақпан мен 6 наурыз аралығында Баку қаласында тұңғыш рет Бүкілкеңестік Түркологияның съезі өтті. Бұл жиынға шешім шығару мақсатында 131 делегат жиылды. Қазақтар, қырғыздар, татарлар мен өзбектер, чуваштар, Солтүстік Кавказ және Саха елінің азаматтары қатысты. Бұл съезде олармен бірге орыстың академиктері мен профессорлары, шетелдік ғалымдар, соның ішінде түрік, неміс, парсы, венгр ғалымдары да болды. Бұл жиында негізгі үш мәселе қаралды: терминология, орфография және әліпби. Ол кездегі барлық түркітілдес елдерді қызықтырған ортақ бір ғана мәселе – ол әліпбидің тағдыры еді. Себебі, әліпбидің тек жазу ретінде ғана емес, мәдени және қоғамдық маңызы бар екенін қатысушылар жақсы түсінді. Түбі бір түркі халқының келешек тағдыры осы қадамға байланысты екенін түсінген жанашырлардың бір бөлігі араб әліпбиін сақтап қалудың жолдарын ұсынды. Бірақ Кеңес үкіметінің көздегені ол емес еді. Ислам дінінің негізін жоюдың басты көздерінің бірі жазуды алмастыру арқылы араб тілі мен әліпбиін жетік меңгерген молдалардың сабақ беруін тоқтату, яғни сол арқылы дін насихатын әлсірету және Құранды оқу мүмкіндігінен ажырату болатын. Мұсылман емес елдердің көпшілігі латынға оңай ауысып жатты.

Ал Әзірбайжан елінің латын әрпіне көшудегі бірінші болуы ол елдегі ұлттық жазудың кең тарамауымен және басқа түркі елдерімен салыстырғанда қала мәдениетінің жоғарылығымен байланыстырылды. Тәуелсіздік алған жылдары Әзірбайжан мемлекеті қайтадан латын әліпбиіне көшуді қолға алды. Бұқаралық ақпарат құралдарының бір бөлігі латын әліпбиімен жаза бастады.

Осман империясы құлағаннан кейін Түркия елінің мемлекет ретінде жаңа дәуірі басталды. Ел басына келген Мұстафа Кемал (Ататүрік) 1928 жылы парламент арқылы елді жаңа жазба жүйесіне ауыстыру туралы шешімді талқыға салғызып, арнайы заң қабылданды. Бұл жердегі мақсат: Осман империясынан кейін жаңашылдық енгізу болса, сонымен қатар КСРО-ның құрамындағы түгелдей латын әрпіне көше бастаған түркітілдес халықтармен байланысты жоғалтпау да көзделген еді. 1929 жылы Түркия тегістей латын әрпіне көшірілді. Күнделікті тұрмыстарында араб-парсы тілдерінде қолданылатын сөздерді түгелдей дерлік түрік тіліне ауыстыру науқаны басталды. Сол кезеңде түрік тілінде көптеген жаңа сөздер пайда болып, сол сөздердің кейбіреулері бүгін біздің елімізде де қолданылады. Сол кезеңдегі реформаның арқасында түркітілдес елдердің Түркия түрікшесімен түсінісу мүмкіндігі артты.

Кеңес үкіметінің бастапқы жылдарында тек қана түркі халықтарын ғана емес, сонымен бірге орыс тілін де латын әліпбиіне көшіру мәселесі де көтерілген болатын. Негізі қазақ немесе түркі ғалымдарынан бөлек, Ресей ғалымдарының ішінде орыс жазуын латынға көшіру керек деген мәселе көтерілген болатын. Мәселен, РҒА корреспондент мүшесі С.А.Арутюнов «латынға көшу – жаһанданудың бүкіл әлемдік үрдісіндегі заман талабы. Ресей дамыған елдермен қатар, Еуропаның бір бөлігі болғысы келсе, латын әліпбиіне көшу керек немесе ерте ме кеш пе соған барады. Кириллица ескіріп қалғандықтан, оны қолданушы барша халық та кириллицаны латынға өзгерту керек» деп ұсынған еді. 1919 жылы ағарту ісі жөніндегі халық комиссары А.В. Луначарский: «… барлық осы елді мекендеп отырған халықты жаппай латын әліпбиіне көшіру қажет» дегенді айтқан болатын. Осы пікірге орыс әліпбиін қолдаушылар қоғамы бірден қарсылық көрсетті. Олар комиссия құрып, сол арқылы «латын әліпбиіне көшіру шетелдіктерге орыс тілін үйретуді қиындатып жібереді» деген мәлімдеме жасады. Осылай орыс әліпбиін латынға ауыстыру бастамасы көтерілмей жатып, бірден өшірілді. Сонымен сөзімізді қорытар болсақ, латын әліпбиіне көшу тәуелсіздігіне 25 жылдан астам уақыт өткен және халықаралық қауымдастықта беделді орынға ие болған Қазақстанның руханият саласындағы тәуелсіздігін айғақтайтын шара болып табылады. Сонымен қатар, әлемдік технологияда үздік дамыған елдер және туысқан түркі халықтарымен етене араласуына мол мүмкіндік береді. Оның үстіне бұл шара Қазақстанның бүгінгі руханиятын дамыту болып есептеледі. Сондай-ақ, ол тәуелсіздікті, әсіресе мәдени саладағы тәуелсіздікті бекемдей түседі. Міне сондықтан Қазақстаннын да латынға көшетін уақыты келді.

Айна Абильдаева,
«Денсаулық» колледжінің
тарих пәні оқытушысы.

Комментарии закрыты.