Ертеңіміз үшін жасалған елеулі іс

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуі елең елдің еңсесін бір көтеріп тастады.

Үндеуде халықтың тұрмысын, әл-ауқатын жақсартуға бағытталған келелі істер айқын атап көрсетілген. Әрбір адам үшін ең негізгі мәселе – баспана десек, Елбасы соны ескеріп бірінші бастаманы халықты баспанамен қамтамасыз етудің жаңа мүмкіндіктерін қарастыруға арнаған.
Қазіргі таңда қаламызда мыңнан астам адам баспана алу кезегінде тұрса, соған жуық адам жеке тұрғын үй салу үшін жер кезегінде тұр. Үндеуде осы мәселені шешудің оңтайлы жолдары егжей-тегжейлі айтылған. Ол Елбасының «7– 20 – 25» бағдарламасы механизмі бойынша жүзеге аспақ. Бұл бағдарлама бойынша жұмыс істейтін әрбір қазақстандық теңгемен несие алу мүмкіндігіне ие болады. Яғни, несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 пайыздан аспайтын болады.
Екінші мәселе – бастапқы жарна. Қазір банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30 процентіне дейін, кейде тіпті 50 процентін салуды талап етсе, енді бұл бағдарлама бойынша ол 20 пайыздан аспауға тиіс. Сол сияқты, несие алудың мерзімі де ұзартылды.  Несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 емес, енді 25 жылға дейін болады.
Мемлекет басшысы Үндеуіндегі екінші бастама – жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайтуға қатысты. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақысы 60 мың теңгеден төмен адамдар үшін 1 пайыз ғана салық салу ұсынылады. Бұл – үлкен жеңілдік.
«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуіндегі үшінші бастама – жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту. Сондай-ақ, Президент тапсырмасына сәйкес, 2018-2019 жылдары жоғары және арнаулы оқу орындарына қосымша 20 мың грант бөлінбек.
Үндеуде айтылған төртінші бастама – шағын несие беруді көбейту. Мемлекет басшысының қойып отырған талабы, Үкіметке беріп отырған тапсырмасы  – шағын және орта бизнеске беретін несие қаражатының көлемін көбейту. Енді қосымша 20 миллиард теңге бөлінеді. Бұл кәсіпкерлерге ғана емес, өзін-өзі жұмыспен қамтитын топтарға да көрсетіліп отырған үлкен қолдау. Сол сияқты ауыл шаруашылығының әлеуетін көтеруге бұл бағыттың тигізер пайдасы зор.
Президент Үндеуінде айтылған ең маңызды мәселе елді газбен қамтамасыз ету. Бұл біздің аймақ үшін қуанышты жаңалық. Президент халыққа арнаған Үндеуінің бесінші бағытында еліміздің 9 облысы газбен қамтамасыз етілгенін, оның ішінде Жезқазған өңірінің де бар екенін баса айтты.
Қорыта айтқанда, Елбасы Үндеуінде айтылған мәселелер еліміздің ертеңі үшін жасалған елеулі іс. Ендеше, Елбасы өзі айтқандай, іске сәт дейік.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.