Ақжарма алғыс жауған күн

Қар көбесі сөгіліп, күннің нұры төгілетін көктем мезгілі жылылық пен кірбің түспеген жаймашуақ көңілдің уақыты. Бұл мезгіл көлпар көңіл, ділбар ниеттер ақтарылатын шапағатқа толы мейрамдардың тойланып, мәз болысатын уақыты да. Жақсылыққа жаны құмар жандардың көктемді тағатсыздана күтуі де осыдан болса керек…

Осыдан екі жыл бұрын қазақстандықтар атап өтетін мерекелер қатарына Алғыс айту күні қосылып, елімізде тұратын барлық этностардың ортақ құрмет білдіретін күні болып бекітілген еді. Сол мерейлі күннің бояуы жыл өткен сайын қоюлана түсуде.
Қазақ қашан да ізеттілік пен қонақжайлықтың үлгісін көрсетіп келді. Ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңінде тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкіліне жылы қабақ танытып, бауырына басты. Аталған күн де қасиетті қазақ жері мен қазақ халқына терең тағзымның белгісі ретінде аталып өтеді. Қаламыздағы «Достық үйінде» ұйымдастырылған мерекелік кеш осыны айғақтағандай болды.
Мейрамды тойлау барысында этномәдени орталық өкілдері өнерлерін ортаға салып, бейбіт күннің қадірін жете ұғындыруға тырысты. Достық пен бірліктің, мәдени саналуандылықтың жарқын үлгісін танытты. Кешке қатысқан Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина, қалалық мәслихат хатшысы Татьяна Хмилярчук, қоғамдық кеңес төрайымы Марал Мәдиева айтулы күннің маңызына тоқталып, жұртшылықты елдегі ұйысқан ұлт пен ұлыстың ортақ мерекесімен құттықтады.
Шара кезінде орындалған халықтар достығы биі, орыс, украин, татар-башқұрт этноорталықтары мен кәріс, неміс бастамашыл топтарының әуелеткен әні мен өлеңдерінен жылы лебіз, ақжарма алғыстар есіп тұрды. Жүрекжарды тілектер тоғысқан жиын «Мереке» әнімен жабылды.

Комментарии закрыты.