Наурыз алғаш тойланғанда

Наурыз мерекесін тойлауға 1926 жылы кеңес билігімен ескіліктің «сарқыншағы» ретінде тосқауыл қойылып, тыйым салынғаны белгілі. «Жаңа күннің» қайта қуат алып жандануы тек 1991 жылы 15 наурызда қолдау тапқанын бірі білсе, бірі білмес. Сол кездегі Қазақ КСР Президентінің Жарлығымен ресми мереке ретінде бекітіліп, ежелгі мейрам өзінің бұрынғы ажарлы, базарлы арнасымен қайта қауышқан-ды. Содан бері қалада да, далада да ақбоз үйлер бой түзеп, олардың маңайы көрікті сәнге, өрісті әнге ұласумен келеді. Ал, кеншілер қаласында алғаш рет Әз-Наурыз қалай тойланды? Бұл сұрақтың жауабын білу үшін қалалық архив қызметкерлеріне сұрау салған едік…

– Сәтбаев мемлекеттік архив қорында қаламыздағы көне және ұмыт қалған дәстүрлерді қайта жандандырудың қолға алынғандығын куәландыратын құжаттар бар. 1990 жылдың 11 наурызындағы Никольский қалалық халық депутаттары Кеңесі Атқарушы комитетінің шешіміне сәйкес, «Қалалық Наурыз мерекесін өткізу» бекітілген. Заңнамалық актіге байланысты іс-шараларды ұйымдастыру сценарийі шығарылды. Қызығы сол, бірінші қалалық мерекені тойлау 1990 жылдың 6 мамырына бекітілді.
Наурыз мейрамын ұйымдастыру туралы шешімінің қосымшасында: «7 киіз үй тігіледі, қазақ тұрмысының көрінісі көрсетіледі. Ұлттық тағамдар дайындалып, келін мен енелердің тон пішіп, ұршық иіру дәстүрі тамашаланады. Қазақы нақышта киім киген ер азаматтар зергерлік бұйымдар мен музыкалық аспаптар дайындайды», – делінген мәлімет бар. Сценарий бойынша шараға қаладағы барлық мекемелер мен кәсіпорындардың басшылары және мәдениет қызметкерлері қатыстырылған, – дейді архив бөлімінің қызметкері Мереке Атабаева.
Мұрағат маманының сөзінше, Ұлыстың ұлы күнін тойлау дәстүрі заманның легіне қарай өзгеріп келген. Алғаш аталып өткенде театрландырылған көрініс көрік берсе, қазіргі уақытта қайырымдылық акциялары, бұқаралық спорт ойындары, ағаш отырғызу, жасыл-желекке күтім жасау сынды шараларды өткізу кең етек алған. М.Атабаева ертеден келе жатқан Наурыз мейрамын ата-баба мұрасының мирас арқылы жалғасып, қазіргі заманға лайықталған мейрам деп санайды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.