Қала көкжелекке көмкеріледі

«Бір тал кессең – он тал ек» қағидасын мықтап ұстанған халқымыз үшін тал егу – маңызды істердің бірі. Қазақ әуел бастан Наурыз мере­кесіне ерекше даярланған. Көктем келіп, күн қыза бастағаннан-ақ ауланы, тоғайлар маңын тазалап, ағаштардың түбін әктеп, күтім жасаған. Наурыз – мезгілдің, жылдың жаңа­ра­ты­н уақыты ғана емес, адамның да жандү­ние­сін тазартатын, не тындырдым деп өткен жылға қайырыла қарайтын тұс.Егілген ағаштың, өскен өсімдіктің әуе алабына тигізер пайдасы зор. Жасыл желектің әсерінен ауа тазарып, қолайлы микроклимат қалыптасады және шу деңгейі төмендейді. Мамандардың зерттеулеріне қарағанда, орман екпелерiнiң бiр гектары ауадан 400 келі күкiрт қышқыл газын, 100 келі хлоридтi және 25 келі фторидтi, жерге түсетiн және ауада болатын барлық зиянды заттардың 60-80 пайызын жұта алады екен.
Ендеше, қоршаған ортаның жақсаруына өз үлесімізді тигізу үшін сенбіліктер өткізіп, қаламыздың аумағын тазартып, абаттандырып, жасыл желектер отырғызып, шырайын әрлендіре түсуіміз керек. Осындай оңтайлы іс биыл қаламызда қызу қарқынмен жүргізілгелі тұр. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автокөлік жолдары, жолаушылар автокөлігі және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Досбол Мейірбектің айтуынша, қала көшелерін, аулаларды көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында ілкімді жоспар жасалған. Осы бағытта қала аумағында көгалдандыруға, санитарлық тазартуға және абаттандыруға бағытталған сенбілік жұмыстары жіті жүргізілмек.
– Жалпы, жыл сайын қаламызда мұндай игі шараға ерікті негізде мекемелер мен ұйымдар, жеке тұрғындар мен меншік иелері, көпқабатты тұрғын үйлер тұрғындары қатысып келеді. Ал, биылғы жылы бұл жұмыстар белгілі бір мердігердің қатысуымен атқарылады. Өйткені, жұмыс ауқымды. Қаламызда қартайып, қурап бара жатқан қарағаштар жұлынып тасталып, орнына жаңа ағаштар, көшеттер отырғызылмақ. Атап айтар болсам, біздің аймақтың ауа райына шыдамды терек, үйеңкі, шетен ағаштарын егу күн жылына қолға алынбақ. Бұл жасыл желектер Ұлытау, Ерден, Абай көшелері мен Тәуелсіздік, Мәңгілік ел, Сәтбаев бақжолдарында жайқалып тұратын болады, – дейді Досбол Өтешұлы.
Әрине, желектерді егу бар да оның өсіп, жетілуіне жағдай жасау өз алдына. Бұл бағытта да ауқымды жұмыстар тұр. Бөлім басшысының айтуынша, биыл көк желектерді суару үшін қажетті су желілерін тарту мен қалыпқа келтіру жұмыстары толығымен аяқталып, су кестеге сай беріліп тұратын болады. Мұның сыртында суды жіберіп отыратын және желектерге қарап, күтім жасайтын адамдар да арнайы жасақталмақ. Оған көшеттер мен ағаштарды еккен мердігерлер жауапты болады.
Орайы келгенде айта кетейік, абаттандыру, коммуналдық және тағы да басқа меншікке жататын шағын сәулет нысандарын (жарнама қондырғыларын, аялдама павильондарын, коммуникацияның тірек бағандарын, аулаішілік алаңдарды), тротуарларды, үйаралық автокөлік жолдарын, жаяу жүргін жолдарды  қалпына келтіру, талдарға және бұталарға санитарлық кесу жұмыстарын жүргізу, кеуіп қалған ағаштарды жинау, көпқабатты үйлерді, жекеменшік үйлердің айналасын және көшелерді жинау, санитарлық-экологиялық жағдайын жақсарту, қоқыс салатын контейнер алаңдарын қалыпқа келтіріп жинау, көппәтерлі үйлердің жертөлесі мен шатырын  үйдің тұрғындарын және қоғамды, т.б. тарта отырып жинау, ретсіз төгілген қоқыстарды жою жұмыстары да назардан тыс қалмақ емес.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.