Тәрбиешілер арасында талқыланды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Жолдауын және жақында жарияланған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін талқылау мақсатында сейсенбі күні №1 «Ертегі» балабақшасында кездесу өтті.

Жиынға «Нұр Отан» партиясы Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейбіт Қазиев, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Мадинат Игенберлина, балабақша тәрбиешілері мен қызметкерлері қатысты.

Алғашқы болып сөз алған Бейбіт Қазиев Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасының әрқайсына жеке тоқталып, жиналғандарға үндеудің тиімділігі мен маңыздылығы жайлы айтты.

– Елбасы бастамаларының басты мақсаты – халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру және олардың әл-ауқатын жақсарту. Бұл – еліміздің ауқымды әлеуметтік жаңғыруына апарар жаңа жол. Сондықтан бастамаларды жүзеге асыру біз үшін аса маңызды. Мәселен, тұрғын-үй ипотекасының қалың көпшілікке жаппай қолжетімділігін арттыру мақсатында Елбасы «7-20-25» бағдарламасын ұсынды. Ол бойынша несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 пайыздан аспайтын болады. Бүгінгі күні банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30, кейде тіпті 50 пайызын салуды талап етсе, бұл бағдарлама аясында енді 20 пайыздан аспауға тиіс. Сондай-ақ, несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 жыл емес, 25 жылға дейін болады. Нәтижесінде қазақстандықтар үшін баспана алудың қолжетімділігі артады, – дей келе Бейбіт Қалдыбайұлы қалған төрт бастамаға да жан-жақты тоқталды.

Келесі сөз кезегін алған Мадинат Игенберлина «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» Жолдауында көтерілген қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу мәселесі жайында айтып өтті.

– Менің ойымша латын әліпбиіне көшеміз емес, қайта ораламыз деген дұрыс болады. Себебі, 1929-1940 жылдары біз латын әліпбиін қолдандық. Енді міне, еліміз егемендік алып, көптеген жетістіктерге жеткеннен кейін Елбасымыз қайтадан латын әліпбиіне негізделген қазақ тілін қолдануды ұсынып отыр. Жалпы 2022 жылдан бастап бірінші сыныпқа барған балалар осы жаңа алфавитпен оқитын болады. Ендігі 4 жылда біз әдістемелік құралдар, оқулықтар, бағдарламалар жасаймыз және мамандарды латын әліпбиіне оқытамыз. Биылғы жылы тамыз-қыркүйек айларында Қарағанды қаласында латын әліпбиін оқытатын курстар ашылады, оған біздің қаламыздан 6 маман жіберу көзделуде. Келесі кезекте мемлекеттік қызметкерлерді оқытуға кірісеміз. Жүктеме бойынша қазақ тілді азаматтарды 36 сағатта, ал, орыс тілді азаматтарды 120 сағатта латын әліпбиіне оқыту жоспарлануда, – деді М.Игенберлина.
Кездесу соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға толыққанды жауаптар алып, келген қонақтарға алғыстарын жеткізді.

Марал Шахаева.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.