Қосылған қос өзен секілді…

Адам баласының өсіп-өнер алтын ұясы, сыйластық, жарастық ортасы – ол отбасы. «Ата мен әже – қазақы тәрбиенің бастау бұлағы» деп жатады. Әрине, бұл дұрыс айтылған пікір. Барлық жақсы тәлім-тәрбиені, өнегені, отбасылық құндылықтарды біз ата-әжелерімізден көріп, бойымызға дарытамыз.

Ата – елдің, отбасының ақылшысы, батагөйі әрі қамқоршысы болса, ақжаулықты әжелереміз – отбасы мен ағайын-туыс, ел-жұрттың амандығын, тілеуін тілеп, халықтық салт-дәстүрімізді ұлдары мен қыздарына ұғындырып, үлгі-өнеге көрсететін жандар.

Мен де нағашы ата-әжемді тұнып тұрған өнегеліктің үлгісі деп білемін. Ата-әжемнің санама сіңірген әрбір сөздері мені ақылды ойға жетелейді. Бұл өмірдегі әр нәрсенің орнын айнытпай түсіндерген ата-әжеме деген алғысым шексіз. Бұл кісілер мен үшін ерекше ыстық, жақын жандар. Себебі, мен мектеп қабырғасынан ата-әжемнің қолында өстім, есейдім.

Мақала жазуыма түрткі болған үлкен себеп бар. Біріншіден – Еркінқажы атам мен Уазипа әжем 80 жасқа толып отыр. Екіншіден – ата-әжемнің шаңырақ көтергеніне биыл 60 жыл, халық арасында бұл тойды «Гауһар той» деп жатады. 60 жыл бойы жұптары жазылмай, қазір де тату-тәтті өмір сүріп жатқан ата-әжем барлық жастарға, әсіресе артынан еріп келе жатқан ізбасарлары бізге үлкен үлгі. Барлығымызға осындай берік отбасы болуды нәсіп етсін деп тілегім келеді.

Өмірлерінің біраз белестерін артқа тастаған, бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан ата мен әжем туралы айтар әңгіме өте көп. Әңгімемді әріден бастасам, атам мен әжемнің ата-анасы туралы естігенде кеудемде мақтаныш сезімі билейді. Тарихқа үңілсек, атамның руы – Орта жүз, Арғын, Қарауыл, Бектіауыл, Сарғалдақ, Байбарақ, Қанай, Жұмабай, Қасен, Оспан деген аталардан тарайды екен. Бұл рудан қазақтың ең соңғы ханы Кенесары ханның өкіл баласы, әрі қолбасшысы, көрнекті батыры Баубек батыр, қазақтың дархан жерін «Гәккуімен» тербеткен, аққуға үн қосқан Үкілі Ыбырай, өмір шындығын үлкен суреткерлікпен жырлаған заманының асқақ ақыны, сазы мен әншілігі бойына дарыған, күллі қазақтың ақыны Ақан сері шыққан және олар арғы аталары болып есептеледі.

Әкесі – Хасенұлы Оспан ата 1895 жылы 18 наурызда (Өзі: «Мен – Париж коммунасы құрылған күні дүниеге келдім», – деп айтып отырады екен) ерке Есілдің бойында дүниеге келген. Әкесі – Хасен атамыз дәулетті кісі болған. Хасен ата 25 жасында қасиетті Меккеге барып, Хасен қажы атанған. Әжеміз Қаракөз Төренің қызы. Өте сұлу, ажары ақылына сай, сауатты, білімді кісі болған. Ұлы Оспан атамыздың білім алуына анасының ықпалы зор болған. Анасы Төренің қызы, өте кербез, ақсүйек тұқымы, жаны жайсаң кісі болған деседі.

Хасен атаның атасы Қанай ата сол елді билеген «Қарауылдың Қанай биі» атанған тарихта, әдебиетте аты қалған кісі. Қазіргі таңда Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленген «Қазақ халқының ел билеген хандары, билері мен батырлары, игі жақсылары» деген тізімнің № 77 болып мәрмәр тасқа есімі қашалып жазылып тұр (№77 Қарауыл Қанай би – ХVIII ғ.ғ.).

Оспан ата діни білімі жоғары, жеті тілді меңгерген сауатты кісі болған. Кешегі Кеңес өкіметі келгенге дейін Троицк қаласында, одан кейін сұлу Көкшедегі Науан Хазіреттен діни дәріс алған. Ауылында мектеп ашып, бала оқытқан, келешектен көп үміт күткен көзі ашық, көкірегі ояу жан еді. Ел ол кісіні өле-өлгенше Оспан молда деп атап кеткен. Елге сыйлы, халқына құрметті жан болған. Оспан ата саясаттың сойылы солқылдап тұрған кезде Құран Кәрімді қолдан жазып, ұрпақтарына таратқан. Құран Кәрімді жатқа білген «қари» кісі. Бірнеше діни әңгімелерді де жазып, артына мұра етіп қалдырған. Әлі күнге дейін отбасымызда өз қолымен жазылған қызыл қыжыммен қапталған Құран Кәрімі сақталып тұр.

Оспан ата сексеннен асып барып дүние салған. Өле-өлгенше айналасында болып жатқан жағдайлардан хабардар болған. Сол кездегі дүрілдеп тұрған баспасөздермен тығыз байланыста болып, мақалаларын да ұсынып тұрған. «Социалистік Қазақстан», «Жұлдыз» сияқты газет-журналдарды үзбей жаздырып, арнайы алдырып оқып отырған екен. Өнертанушы, әдебиеттанушы, шығыстанушы Әлкей Марғұланмен араб қарпінде хат алысып тұрған.
Анасы – Шәбденқызы Зәпкен әже 1916 жылы Атбасарда дүниеге келген. Руы – Арғын-Алтай, Аққошқар-Сайдалы. «Әжеміз өте әңгімешіл, айтылған сөздері ұшқыр,терең, көпшіл адам еді. Көзіміз ұйқыға кеткенше, ол кезде теледидар жоқ, аңыз әңгімелерін, ертегілерін, батылар жырын, әпсаналарын тыңдап, ұйқыға кететінбіз. Тазалықты өте сүйетін. Басындағы ақжаулығын ешқашан кір шалмаған. Сарғайып бара жатса көк нәлге (синька) салып, көгілдір етіп қоятын. Шай ішуінің өзі ғажап еді. Пар аяққа «күрішке мен тәрелкеге» өзі солай айтатын, күрішкесінен тәрелкесіне құйып, асықпай, қызылы мен сүтін бірдей қылып ішетін. Қонаққа барып келген соң, шай ішкендей болмадым деп, өзі самаурынға талмен шай қайнатып ішетін. «Кісіге шай беру, шай құю да – үлкен өнер. Жақсылап шын ниетіңмен, шын ықыласыңмен шай берсең, ет бергеніңмен бірдей», – деп отыратын. Ерекшелігін, ақсүйектігін осы шай ішкеннен білуге болатын. Қашан өзінен әлі кеткеше күрішкесі мен тәрелкесін («өзінің пар аяғын») тастаған емес», – деп еске алады тұңғыш немересі, менің анам Балкен Еркінқажықызы.

Осындай өнегелі отбасында 1938 жылы наурыз айының 19 жұлдызында қазіргі Қима ауданы, Баубек батыр ата (өзінің үлкен атасының есімі берілген ауыл) ауылында, бұрынғы Қызыл Ту колхозында тұңғыштары Еркін дүниеге келген. Есіл өзенінің суын ішіп, балығын аулап, суына шомылып, Көкшетаудың саф, таза ауасын жұтып өскен. 1948 жылы жұмыс бабына байланысты, ата-анасы «Ұлт ұясы – Ұлытауға» көшіп келген. Есейіп, ержетіп, еңбекке араласқан, ұрпақ өсіріп, ұя басқан жері осы қасиетті Көктөбенің Кішітау аталатын сілемдері. Сол өңірдегі Сарлық деп аталатын шағын ауыл. Осы ауылда білім алып, осы ауылда ержетіп, осы ауылда шаңырақ көтерді. Кішкентай кезінен зерек, алғыр, ақылды болып өскен Еркін оқуға, білімге құштар болды.

Жастайынан әкенің тағылымды тәрбиесін көріп өскен. Сондықтан, артық іспен айналыспай, өзіне білім мен еңбекті серік етті. Ұлытауда онжылдық мектепті бітірген соң, осындағы өндіріс ошағына келіп, № 42 шахтада еңбектенген.
Жолдама бойынша 1961 жылы өзі қатарлас бірнеше жігітті Қарағанды қаласындағы тау-кен техникумына оқуға жіберген. Сол жерде тереңдікті бұрғылайтын мамандықты игерген. Кейін Жезқазған кенішіне келіп, бүгінгі таңдағы алып шахталардың бірі № 57 шахтаға жұмысқа орналасқан. Мұнда еңбек жолын проходкашылар бригадасының бригадирі болып бастады. Қарамағындағы сайдың тасындай апталдай азаматтармен бірге жер астына тыңнан түрен түсірді. Бұл 1966 жыл болатын. Осы шахтадағы еңбек жолы он жылға созылды. Бірінен соң бірі ашылып жатқан шахталарда тер төкті. №45 шахтада жүріп жаңадан ашылған №65 шахтада тағы да өз бригадасымен тың забойлар салды. Қай жерде жүрсе де еселі еңбек етіп, оның жемісін көрді. Өндіріске келген бірнеше жас мамандарды дайындап шығарды. Сол кездері мыңдықтар сапында болған Долганов, Расновский деген мықты кеншілер осы Еркін атаның шәкірттері. Еңбегі еленген Еркін ата бірталай марапаттарға ие болған. Қазір атамыз құрметті еңбек демалысында.

2014 жылы Аллаһтың қалауымен Еркін атам Ислам діні парыз етілген Қасиетті Мекке-Мединаға барып, «Әкбар қажылық» (Үлкен қажылық) парызын орындап қайтты. Аллаһ Тағалам қажылығын қабыл етсін!

Атамның мінезі тік, ақты ақ, қараны қара деп тура жүріп, әділеттілікке жаны жақын, өз ісіне өте тиянақты. Еркін атаның ерекше қасиеті – оқу, білімді жақсы көреді. Жан-жақтылығы бөлек әңгіме. Барлық ғылым салаларынан хабары бар. Әрдайым өз бетінше ізденіп, ой-өрісін, білімін жетілдіріп отырады. Сол қасиетті алдымен өзі үлгі бола отырып, балаларына да дарыта білді.

Атамның көзінің ағы мен қарасындай қос қарындастары бар. Ол кісілер туралы да айтқым келеді. Екі бауыры да әке ізін жалғап, мұсылмандықтың бес парызын орындауда, дін жолында. Үлкен қарындасы – Түркен 40 жыл ұстаздық жолында еңбек еткен ардагер ұстаз. №3 Амангелді орта мектебінің оқу ісінің меңгерушісі болған. Қазіргі таңда, Жезқазған қаласының қоғамдық, мәдени іс-шараларының белортасында жүреді. Жезқазған қаласы әкімдігіне қарасты «Ақ әжелер» ансамблінің мүшесі. Кіші қарындасы – Күлкен ақ халатты абзал жан. 40 жыл бойы медицина саласында еңбек етті. Талай баланың дүниеге келуіне себепкер болған – акушер-гинеколог. Екеуі де бақытты ана, немерелер сүйіп отырған әжелер.

Жұбайы, әжеміз (өзіміз «Молодой әже» деп айтып еркелетіп отырамыз) – Уазипа Молдабекова 1938 жылы мамыр айының 01 жұлдызында дүниеге келген. Әкесі Көбенов Молдабек Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер. Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Қазақстан колхозынан (қазіргі Амангелді ауылы) майданға аттанған атамыздан қарақағаз келіпті. Ұрыс даласынан атамыз жалғыз қызы Уазипаға арнап, сағынышын өлеңге қосқан екен. Ал, әжеміз Уазипа әкесі соғысқа аттанғанда, небәрі 2 жастағы бала болыпты. Әжеміз Уазипаны «Өскенжаным» деп еркелеткен екен. Сол арнаудан үзінді келтіруді жөн көріп отырмын:

Сәлем жаздым атам менен анама,
Дәм бұйырса елге қайтам жақында.
Ақыл айтса, заң көрмейтін баласы,
Зар болып жүр бір көруге анасын.

Айналайын, Өскендей құлыным,
Үзіліп тұр қолқа жүрек, жұлыным.
Мен армансыз болар ем,
Бір көрінші көлбеңдей тұлымың, – деп өзінің отбасына, еліне деген сағынышын жеткізген екен. Міне, әжем де осындай тарихи оқиғаның бір бөлігі. Әжем жүз жасқа келген Көбен баба мен Айтолқын әжеміздің тәрбиесінде болған.

Уазипа әжеміз – ісмер. Қолынан құрақ құрау, ұршық иіру, тоқыма тоқу, әңгіменің майын тамызып айту, дәмді ас дайындау (ешқандай асхананың тағамы әжемнің қолымен дайындалған тағамдарына жетпес), тамылжыта ән орындағаны ерекше дүние, енді… Әжем маған кішкентай кезімнен ән айтуды үйретіп отыратын. Әлі күнге дейін есімде «Маңмаңгер», «Қараторғай» т.б. Ақан сері аталарыңның әні деп үйреткен, «Құлагерді» жатқа айтып, Абайдың, Шәкәрімнің, халық әндерін жаттатқызып отыратын. Сабақ оқып отырып, екеуміз ән айтып кететін кездеріміз болатын. Қасымда анамның інісінің қызы кішкентай Сандуғаш болатын. Қайталанбас, балалықтағы қызық кездеріміз ғой!

Еркін атам мен Уазипа әжем 1958 жылы наурыз айында шаңырақ құрған екен. Уазипа әжем он құрсақ көтерген. Бүгін де соның жетеуі өз алдарына үйлі-баранды болып отыр. Екі нәрестесі сәби кезінде шетінесе, Бейімбеті кісі қолынан қаза тапқан. Бірақ, соңында тұяқ – Сандуғаш қалды. Ол да тұрмыс құрып, атасы мен әжесіне Батыр есімді шөбере сүйгізіп отыр. Тағы бір ерекше айта кететін жайт, Уазипа әже 1964 жылы ақпан айының 09 жұлдызында үшемді дүниеге әкелді. Бұл жаңалық Қазақстанды біраз дүрліктірді. Себебі, үшем, төртемнің дүниеге келуі бұл кездері өте сирек болатын. Еркін атам мен Уазипа әжемнің бұл қуанышы туралы жергілікті газет, журналдар жарыса жазды. Әсіресе, бұл жаңалық республика деңгейінде айтылғаны тосыннан болды. 1964 жылы республикалық «Қазақстан әйелдері» журналының № 5 санында «Енелер мен келіндер» атты тақырыпта сүйіншілеп жазды: «Жезқазған руднигінің мастері Еркін Оспановтың зайыбы Уазипа Молдабекова үш бала тапты. Руслан, Бейбіт, Гүлбадан… » деп басталады.

Балалаларының бәрі өмірден өз орындарын тапты. Ең кенже қызы – Гүлмира ата-анасының, бауырларының мақтанышы. Түркия мемлекетінде аспирантура, докторантураны тәмамдаған. Түрік филологиясының жілігін шағып, майын ішіп жүрген түркітанушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы. Қазіргі таңда Түркияның Сивас қаласының университетінде жоғары білікті оқытушы.

Оспановтар әулеті жапырағын жайған, тамырын тереңге жіберген алып бәйтерекке ұқсайды. Бүгінде көзі тірі төрт қыз, үш ұлдан 16 немере, 22 шөбере сүйіп, «шөберелерінің қолынан су ішкен» бақытты ата мен әже. Ата барлық немере-шөберелерінің дүниеге келгеннен кейін азан шақырып, атын қойып, тұсауын кеседі.

Атамыз немере-шөберелерінің «Ұлы демеушісі». Зейнетақы алған күні әр оқуға түскен студентке, оқуын аяқтағанға дейін жеке-жеке «шәкіртақы» береді. Атамыз бен әжеміз алған марапаттарымыз бен мақтау қағаздарымызға, жеткен жетістіктерімізге қуанып, байғазысын беріп отырады.

Бізге жақсы тәлім-тәрбие берген ата-әжемізге деген алғысымыз шексіз. Бүгінгі біздің қол жеткізген барлық жетістіктеріміз осы кісілердің арқасы деп білеміз!

Жарты ғасырдан артық жарасымды өмір сүріп, ұрпақ өсіріп, оның рахатын көріп отырған нағыз бақытты отбасы.
Ата-әже, мерейлі 80 жас мерейтойларыңыз бен шаңырақ көтерген 60 жылдықтарыңыз, «Гауһар тойларыңызбен» құттықтаймыз! Дендеріңіз сау, ғұмырлы болыңыздар! Бала-шағаларыңыздың қызықтарын қызықтап, әрдайым ортамыздан табылыңыздар деп тілегімді жеткізгім келеді.

Эльмира Хамитова,
жиен немересі.

Комментарии закрыты.