Кәсіби сынама өтті

Оқушыларды техникалық мамандықтармен таныстыру, олардың сұранысқа ие екендігін көрсету, кәсіпті дұрыс таңдауға көмектесу мақсатында Сәтбаев қаласының индустриалдық колледжі өткен жұмада кәсіби сынама өткізді. Оған қала мектептерінің 9 сынып оқушылары мен ұстаздар қауымы қатысты.

Кәсіби сынама – мамандық таңдауда іскерлік, қаржылық, әлеуметтік және басқа да қарым-қатынастарда тұлғаның қызметі мен мансабына ықпал етеді.
Аталмыш шараға келген оқушылар колледжде оқытылатын мамандықтармен, оған түсу шарттарымен, оқу орыны ұсынатын жеңілдіктермен танысты.
Кәсіби сынама екі бөлімнен тұрды. Алғашқы теориялық бөлімде қатысушыларға «тамақтандыруды ұйымдастыру», «дәнекерлеу ісі», «ғимараттар мен үймәреттерді салу және пайдалану», «токарьлық іс және металл өңдеу» секілді төрт түрлі мамандық жайлы мағлұмат беріліп, жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, колледж студенттерінің жеткен жетістіктері туралы бейнеролик көрсетілді. Солардың бірі – биылғы жылы наурыз айының 13-16 аралығында студенттердің біліктіліктерін арттыру мақсатында Қарағанды қаласында өткен «World skills Karaganda» атты облыстық байқауы жайында болды. Онда әр жас маманның шеберліктері анықталып, өзінің кәсібіне деген құлшыныстары арта түсті.
Екінші тәжірибелік бөлімде оқушылар колледждің материалдық базасымен танысып, шеберханаларда өздері де жұмыс істеп көрді.
Мамандықты дұрыс таңдауға зор септігін тигізген сынама жоғары деңгейде өтумен қатар, оқушылардың қызығушылықтарын арттырды. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ұнаған мамандықтары жайлы кеңінен ақпарат алды.

Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.