Қаныш тебіренісі

Ақпанның ақ ықпа аязы түтеп тұрған күндердің бірінде Қарсақбайға жедел шақырылдық. Бір пәлеге ұшырағанымызды жүрек сезеді, күдік көп. Қанекеңнің қабағы қатқылдау.
– Несіне жасырайық, ағайындар, жағдай қиын! – деп бастады сөзін. Биылғы барлауға босатқан қаржыны Бас басқарма бермейтін болды. Қысқасы, Жезқазған барлауын доғаруға бұйрық келді…

Біз арлы-берлі шуласа жөнелдік. Ақыры, Қаныштың өзіне жабыстық.
– Не білгенің бар, жарқыным? Өзің жол көрсетпесең, бізден не ақыл сұрайсың?
– Түптің түбінде шындық жеңеді. Өз басым Жезқазғанды тастап ешқайда кетпеймін, жер асты қазынасын ақырына дейін ақтарамын! – деп сабазың ағынан жарылды.
– Маған сенгендер ешқайда да кетпендер, біраз күнге шыдаңдар. Бұрынғыдай қолыңа алар қаражат та бола қоймас. Осыған шыдағандарың өле-өлгенше менімен біргесіңдер. Ал, кетемін дегенге ешқандай өкпе жоқ, реніш те айтпаймын, – деді Қанекең. Түнімен ойланып, ақырында Қанекеңді қиып кете алмасымды ұқтым. Соны айтайын деп үйіне барсам, жол жүрмек болып жатыр екен. «Қанеке, не көрсек те қасыңда болуға бекіндім! Алыс жолға осы тілегімді арқалап аттанғайсың!» дегенімде, мінезін жасыруды білмейтін Қанекең құшақтай алды. Бетіне қарасам, көзінен аққан жасы омырауына тамшылап тұр екен. Шыдау қайда, менің де жүйкем босап кетті…
(Қарт бұрғылаушы
Мырзабек Тұңғышбаевтың естелігінен).

Комментарии закрыты.