Іске көшудеміз

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Елбасы «Мен еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарымды ортаға салуды жөн көрдім», дей келіп қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіретінімізді айтқан болатын.

Латын қаріпіне көшу барысында біраз дүниелер жасалып жатқаны бәрімізге аян. Бұл орайда біздің №33 «Күншуақ» бөбекжай балабақшасы да нақтылы жұмыс жасауды қолға алған еді. Латын әріптеріне көшу тұрғысынан сабақ жоспарлары құрыла бастады. Сөйтіп, қараша айынан бастап сабақтар өтіп келеді.
Ақпанның 19 жұлдызында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бекітуімен латын әліпбиінің жаңа нұсқасы қабылданған болатын. Наурыз айында «әріптермен танысу» атты тақырыпта жаңа латын қаріптерін игеруді қолға алдық. Осы орайда наурыз айының 28 жұлдызында №33 «Күншуақ» бөбекжай балабақшасында латын қаріпіне көшу барысында ұжымда «Аты-жөнімізді жазуды үйренейік. тақырыбында тіл мамандарының бастауымен шағын ашық сабақ өтті. Әріптестерге аты-жөніңді жазып көр, мақал-мәтелдерді оқы, жұмбақтарды шеш, жаңылтпаш айт, шашыраған әріптерден сөз құра (латын әріптері); өз тобыңның атын жаз деген сияқты тапсырмалар берілді. Ашық сабақ әріптестер үшін қызық болды. Сабаққа қатысушы мамандар мен келген қонақтар белсене қатысып отырды. Сабақ соңында әріптестерге сауалнама жүргізілді. Осылайша, біз сөзден іске көшіп, жаңа бастаманы игеруге шынайы ден қойдық.

А. Есім,
№33 «Күншуақ» бөбекжай
балабақшасының қазақ тілі маманы.

Комментарии закрыты.