Жолтайдың жарқын жолдары

Қойнауы мысқа толы Жезқазған өңірінде нағыз еңбек адамдары тұрады десек артық айтқандық емес. Жеті қат жер астынан кен өндіру ащы термен, еселі еңбекпен келетіні бәріне аян. Сондықтан да әр кенші құрметке лайық. Десек те, кеншілер арасында өнегелі өмірімен, жоғары парасат-пайымымен, кәсіби шеберлігімен ерекшеленіп, бедел биігіне көтерілгендер аз емес. Солардың қатарында Жолтай Қайырбеков те бар.

Халқымызда «еңбегімен ер сыйлы, өнбегімен жер сыйлы» деген аталы сөз бар. Жолтай Қайырбеков – осындай ерен еңбегімен ел құрметіне бөленген жан. Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы.

– «Еңбек – бәрін де жеңбек» дейді бейнеттің зейнетін көріп жүргендер. Адам баласының басына небір ауыр кезеңдер төнсе де, ешқашан қиындық атаулыға мойынсұнбау қажет, – дейді Жолтай Қайырбекұлы. Жолтай ағамыз Білеуті бойында 1941 жылы 8 балалы қарапайым отбасында дүниеге келген. 12 жасында әкеден айрылған ол ерте есейді. Отбасындағы міндеттерін терең түйсініп, еңбекке ерте араласты. Арқалаған арман мен үкілеген үміттерінің еселі еңбекпен, қарым-қабілетпен келетінін ол жұмысқа дендеп ене бастағанда ұғынды.

1958 жылы Қарсақбайдағы орта мектепті тәмамдады. Тұрмыс қиыншылығы жас талапкердің қатарластарынан қалмай оқуға түсуіне мүмкіндік бермеді. Бірақ ол бұл қиындыққа еш мойыған жоқ. Туған-туыстарының нұсқауымен Қарсақбайдағы кен зауытының теміржол цехына слесарь болып орналасты. Еңбек ете жүріп, өндіріс ауанымен жылыстай беруге бел шешті. Сөйтіп, 1960 жылы өндірістің қарашаңырағы Қарағандыдағы политехникалық институтының тау-кен факультетіне құжат тапсырды. Оны 1965 жылы аяқтап, «Тау-кен инженерінің» дипломын қолына алды.

Еңбек жолындағы алғашқы қадамын жұмысшы мамандығынан бастаған жас кенші қолы босаған сәттерде мүмкіндігінше көбірек үйренгісі келіп, өзге мамандардың жұмысына қызыға қарап тамсанды. Ол қай кезде де қолынан барлық іс келетіндігін талпынысы мен жұмысқа деген ынтасы арқылы көрсетуге жан-тәнін салды. Теория мен практикалық еңбек тәжірибесінің өндірістегі көрінісін «Покро» шахтасына орналасқанда анық байқады. Мамандығын бүге-шүгесіне дейін білетін басаспап маман болу тек зейінді оқумен шектелмейтінін айқын аңғара білді. Білігі мен тәжірибесі мол ағаларының ақылына құлақ түріп, өндіріс тезінен өтті.

– Кен өндірісі қалтарыс-бұлтарысы көп, тынымсыз еңбекті, асқан жауапкершілікті қажет ететін сала түрі. Сенің оқу оқып, дипломды ғана болуың жарамайды. Бірінің қисынын тауып, енді бір істің түйінін таба алмай дағдарып қалуың да бек мүмкін ғой. Менің де тұралап қалған кездерім болды. Сол кезде көмек қолын созған Бозтай Аяпбергенов, Мыңбай Ерденов, Мүсілім Дәкібаев сынды тәлімгерлер мен үшін нағыз өмір мектебіне айналды. Білмегенімді үйретті, білгенімді кеңейтті. Кен инженеріне артылатын жауапкершіліктің зорын алғаш ұғындырған да осы кісілер, – деген сөзінен ағаларына деген ыстық ықыласы байқалып тұрғандай.

Әрине, білмекке, үйренбекке ықыласы артпаса таудай талаптың баянсыз болатыны даусыз. Бұл тұрғыда Жолтай Қайырбекұлы алдына мақсат қоя білді. Еткен еңбегі еленіп, тапқан табысы көштен қалдырған жоқ. Қайта жапырағын кеңге жайып, тамырын тереңге тарта бастады. Үйреткенін іліп әкететін қабілет-қарымы көп ұзамай ұжымның көшбасшылығына алып келді. Шахтаның бас инженері болып жүрген тұста Жәйрем кенішінің тізгінін алған Садық Асатов өзіне шақырды. Жолтай Қайырбеков Қиыр-Батыс кенішінің бас инженері болып тағайындалды да, көп ұзамай кеніш директоры болып бекітілді. Сол кезден бері табанды, қайсар адамдардың қолынан келетін кен өндіру саласында өз таңбасын қалдырды. Он жылдай өндіріс орнына басшылық жасаған кезінде аты елге әйгі көптеген адамдармен таныс, біліс болды. Кеніштің жұмыс жайы мен болашағы туралы Жәйремге келген меймандарға талай рет баяндама жасады. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолын алып, кеніш, өндіріс жайын әңгімеледі. Ал, бүгінгі таңда сол сағынышқа толы шақтарды еске алып, ірі тұлғалармен жолықтырған, сұқбаттастырған тағдырына дән риза.

– Өндірісте өнімді еңбек етіп, басшылықтың сенім үдесінен шыға білсең, қызмет бабында басқа салада да еңбек ете алу бар. «Жайылма» геологиялық барлау партиясының бастығы боп тұрған шақта «Қазақмыс» Корпорациясы игеруді көздеген «Бозшакөл» кен орнына барлау жасауда геологтар қосыны талмай еңбек етті. Соның арқасында мұнда инвестиция құйылып, үлкен кен орындарының біріне айналды. Он жыл ішінде бұл саланың да қыры мен сырына қаныға түскендей болдым, – деп еске алды елеулі кезеңін еңбек ардагері.

1994 жылы Сәтбаев қаласына қоныс аударған ол Жезқазған комбинатының жаңадан құрылған кен Басқармасына бас инженер болып қызметке орналасты. Мұнда жер асты байлығын игерудің тиісті нормативтер шеңберінде жүргізілуін қадағалады. 2008 жылы жасының ұлғайғанына қарамастан еңбектен қол үзбей, технологиялық колледжге оқытушы ретінде орналасып, кеншілік кәсіпке көңілі құлаған талай талаптыны тәрбиеледі.
– Кен басқармасының бірқатар тәжірибелі мамандарын сол кезде ашылғалы тұрған «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Технологиялық колледжге шақырды. Сол тізімге мен де ендім. Біз оқу орнының алғашқы құрушылары ретінде жаңа оқу бағдарламасын әзірледік, жастарды оқу курсынан өткізіп, өндіріске жіберіп отырдық. Өмірдің алма-кезектігін сол кезде анық түсіндім. Өзіміз өзгелерден үйренсек, енді өзгелерге кен өндірудің сан қатпарын үйреттік. Әр ұрпақтың өз заманы бар. Кешегінің озығы бүгінге жаңалық емес. Десе де, өзгермейтін бір қағида бар. Ол – еңбек ету және оған жанашырлықпен, жауапкершілікпен қарау. Бұл талапты өзгертуге еш келмейді. Істің берекелігі де соған байланысты, – дейді Жолтай Қайырбеков.

Жолтай ағаның жүріп өткен өмір жолына үңіліп, ой елегінен өткізер болсақ, көңіл көкжиегінде тек жақсылықтарға ғана жолыққандығы қылаң береді екен. Олай деуімізге де себеп бар. Саналы ғұмырының 55 жылы Жақсылық Бейсенбайқызымен байланысты. Жақсылық апа да көп жылдар бойы ұстаздық қызметпен айналысып, құрметті еңбек демалысына шықты. 5 баладан өрбіген 8 немере, 4 шөберені емірене иіскеп жүрген Жолтай Қайырбеков еш кетпеген еңбегіне тәубе деп, бүгінгісіне шүкіршілік айтудан әсте жалыққан емес.

Өнегелі еңбегімен, кәсіби шеберлігімен ерекшеленіп, беделдің асыл биігіне көтерілген Жолтай Қайырбекұлының тағылымды өмірі мен жұмыстағы үздік тәжірибесін басқаларға үлгі ретінде дәріптеуге болады. Кен өндірісі – еліміздің басты саласы, осындай кеншінің кәсібі елдегі ең құрметті мамандықтың бірі болған және бола бермек. Сол себепті де, кенші кәсібі әр уақытта өз биігінде қалады.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.