«Ешқашан ескірмейтін ерен есім»

Қазақтан шыққан тұңғыш академик, геолог Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туған күні қарсаңында қаламыздағы «Достық үйінде» осындай тақырыппен ұлы ғалымды еске алуға арналған әдеби-танымдық кеш өтті. Іс-шараның өтуіне «Шындық» қоғамдық бірлестігі ұйытқы болды. Кешке Қ.Сәтбаевтың көзін көрген қала азаматтары мен ұрпақтары, ардагерлер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, технологиялық колледждің ұстаздары мен студенттері қатысты.

Кездесуге арнайы шақырылған – қаланың Құрметті азаматы болған, Қаныштың көзін көрген Иван Васильевич Резниктің қызы Валентина Уразова, Балмағамбет Балқыбайұлының (Сарымолда) қызы Сәлима апай және әнші Ғалым Мұхамедин сахна төрінен орын алып, үлкендерден естіген әңгімелерімен бөлісті.

– Кезінде Қаныш Имантайұлы менің Сарымолда әкеммен жақын дос болып, бір-бірін қатты қадірлеген. Қаныш атамыз Жезқазған – Ұлытау өңірін зерттеу барысында Жыланды ауылындағы біздің үйде қонақтап кететін. Әкем екеуінің арасы ешқашан үзілген емес, қайда жүрсе де арабша хат жазысып, хабарласып отыратын, – деп еске алды 88 жастағы Сәлима апай.

Келесі кезекте сөз алған аймағымызға танымал әнші Ғалым Мұхамедин Қаныш Сәтбаевтың геологиядан басқа ғылымда, мәдениет саласында, тарихта қалдырған еңбектері мол екендігіне, әнді сүйген, қолынан домбырасы түспейтін өнерлі жан болғандығына кеңінен тоқталды. Композитор, этнограф Александр Затаевичтің қазақтың әндерін зерттеп жүргендігін білген Қаныш Сәтбаев бірде оған арнайы жолығып, жинағымен танысады. Сосын «мынаның ішінде біраз ән қалып қойыпты ғой» деп Затаевичке 25 әнді қосып беріпті. Сол әндердің бірнешеуін Ғалым Мұхамедин кеш бойына жиналғандар алдында орындап отырды.

Мәдениет және өнер өкілдерінің басын біріктіріп отырған «Шындық» қоғамының белді мүшелері Мұса Тілеуов, Зейнеп Әбілбекова, Амангелді Бұқар, Гүлнар Өтемісова шара барысында ғалымға, қаламызға арналған өлеңдерін оқыды. Әсіресе, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Ардагерлер кеңесінің Сәтбаев филиалының төрағасы Сақтаған Атабаевтың сөздері жастарды қызықтырып, ой тастады.

– Мен үшін әлемді таңғалдырған үш оқымысты бар: Альберт Эйнштейн, Исаак Ньютон және Қаныш Сәтбаев. Қаныш – Сарыарқаның металлогендік және болжам картасын жасаған, бүкіл өмірін Қазақстанның минералдық ресурстарын және рудалық кендер генеалогиясын зерттеуге арнаған адам. Бұл – бұрын-соңды ешкім ашпаған, зерттемеген ұлы еңбек. Кейін де мұны ешкім жалғастырған жоқ. Сол себептен мен Қанышты Эйнштейн мен Ньютон секілді ғалымдармен қатар қоямын. Атақты геолог Мәлік Омаровтың айтуынша, Қаныш жасаған металлогендік картаның қазіргі уақытта тек 20 пайызы ғана пайдаланылып, кен орнының 80 пайызы әлі игерілмеген. Сондықтан жастар, сендерге айтарым, алдағы уақытта кенші немесе геолог мамандығын таңдап, сол салада қызмет жасаймын десеңдер, Қаныш аталарыңның ісін жалғастырыңдар, – деді Сақтаған Атабаев.

Еркін, сұрақ-жауап түрінде өткен әдеби кеш қатысушыларға маңызды әңгіме мен рухани байлық сыйлады. Жүздесуді жүргізген «Шындық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдолла Дастанов жиналғандарға алғысын білдіріп, құрметті қонақтарға естелік сыйлықтар тапсырды.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.