Келелі мәселелер сөз болды

Жуырда, Балқаш қаласындағы Р.Кенбаев атындағы емдік-сауықтыру шипажайында «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің бірінші есеп беру-сайлау конференциясы болып өтті. Онда адамдардың денсаулығына, күнделікті алаңсыз тұрмысына қатысты әлеуметтік мәселелер кеңінен сөз болды.

Орайы келгенде айта кетейік, осыдан бес жыл бұрын «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанынан «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігі құрылған болатын. Бірлестіктің жарғысына сәйкес ұйымның өкілеттік мерзімі үстіміздегі жылдың сәуір айында аяқталады. Осыған орай қоғамдық бірлестікке қарасты корпорацияның 104 бастауыш ардагерлер ұйымында есеп беру-сайлау жиналыстары және 4 филиалында конференция ұйымшылдықпен өтті. Енді міне, «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің бірінші есеп беру-сайлау конференциясы осы іс-шараларды түйіндей келіп, өзінің жаңа құрамын сайлады. Конференцияға бірлестіктің төрт филиалынан сайланған 71 делегаттың 64-і қатысты.

Конференцияда «Ардагерлер кеңесі» ҚБ басқармасының төрағасы Төлеген Бүкіров бес жылда атқарылған істерді қамтыған есепті баяндама жасап, ардагерлерге айтарлықтай қамқорлық жасалып отырғаны тілге тиек етілді.Ал, тексеру комиссиясының баяндамасын жасаған Римма Иванченко қаржылық жағдайдың бүге-шігесін бүкпесіз ортаға салды.

Жарыссөзде ҚБ-ің Балқаш өңірі филиалының басқарушысы Балжан Уалиева, Қарағанды филиалының басқарушысы Алпысбай Тайгөков, Сәтбаев қаласы филиалының басқарушысы Сақтаған Атабаев және делегаттар Сұлтан Сүтбаев, Владимир Мельник, Шүкір Молдағалиева, Нина Романова, Тағанбай Салқауов және басқалары сөйлеп, келелі мәселелерге тоқталды. Елімізде ардагерлер туралы арнайы заң қабылдау қажеттігі, бүгінде ауру көп, дәрігер жетіспейтіндігі, медициналық қызмет деңгейінің ойдағыдай еместігі, коммуналдық төлемдер тарифін белгілеудің бетімен кеткендігі ашық айтылды.

Конференцияда құрамы 15 адамнан тұратын қоғамдық бірлестіктің басқарма мүшелері сайланды. «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы етіп Төлеген Бүкіровті қайта сайлаған ардагерлер оның есепті мерзімде атқарған жұмысына ризашылықтарын білдірді.

Нұғыман РАХЫМ.

Комментарии закрыты.