Ұлттық аспаптар үні асқақтады

Ерден Сандыбайұлы атындағы үшінші республикалық байқау Сәтбаев қаласын үш күн бойы дүбірге бөледі. Осыдан екі жыл бұрын тұңғыш рет өткен ауқымды шара өшкенді жандырып, өлгенді тірілткендей болды. Тек кеншілердің ғана емес, қазақтың қадірлі өнерінің туын көтерген өнерпаздардың өлкесі екендігін танытты. Бұрындары байқауға тек қобызшылар ғана қатысқан еді. Бұл жолы ұмытылып бара жатқан, тарихы терең жетіген, аңыз-әңгімелерге арқау болған сыбызғы, қоңыр үнді сазсырнай секілді ұлттық аспаптар сай-сүйекті сырқыратып, құлақ құрышын қандырды.

Ерден Сандыбайұлы 1808 жылы Ұлытау топырағында дүниеге келді. Ел басына күн туғанда бес қаруын асынып, жауға қарсы шапқан батыр. Кезінде аға сұлтан, дуанбасы болып, Бағаналының төрт босағасының бірі атанған Сандыбай бидің бел баласы. Орынбор жандаралына сөзі өткен Ерденнің ел арасындағы беделі жоғары болған. Жиырма бір жасында Аманбай, Лепесбай батырлармен тізе қосып, қазақ жерін басып алмақ болған қоқандарға қарсы соғыс салып, батырлығымен, ел билеу ісіндегі шеберлігімен ерекшеленді. Заманында ақын Орынбай Бертағыұлы, әйгілі Мәшһүр Жүсіп, ақын Мұқан Бәлтекейұлы жырға қосқан Ерденнің даңқы төре баласымен теңесіп, аға сұлтандық сайлауда жеңіп шыққаннан кейін тіптен асқақтай түсті.

Ерден Сандыбайұлының атын алты алашқа жайған Ықыластың «Ерден» күйі. Бұл күйдің дүниеге қалай келгендігін байқаудың ашылу салтанатында Жезқазған қаласындағы Серке Қожамқұлов атындағы театр әртістері шағын көрініс арқылы жеткізді. Бәйменде атты баласы өліп Ерден қайғыдан қан жұтып отырғанда Шоқай, Досбол билер, Асаубай шешен мен Ықылас көңілін сұрап келеді. Тірі жанмен тілдеспей, теріс қарап жатқан аға сұлтанның жан дүниесін емдемек ниетпен Ықылас қобызды қолына алып бір әуенді ойнай жөнеледі. Күйдің ортасында сырттан ентелеп Ерден келеді. Көзінде жас. Аласұрған күй кешкен. Күй біткеннен кейін «Уа, жақсылар! Бәймендемнің жоқтауы осылай болуы керек. Іштегі қайғым осылай шығуы керек. Араларыңда күйігімді басып, күйімді табуға жәрдем берер жанның бар екендігін неге айтпадыңдар! Мына жігіт менің тамырымды дөп басты. Қане, Ықылас қайта тартшы. Қобызға қосылып жылап алайын», – дейді.

Міне, Ықыластың «Ерден» күйі дүниеге осылай келген.

Қайсыбір деректерде Ерден Сандыбайұлының қобыз шалатын өнерінің болғандығын айтады. Шынында да, «Ерден» күйінің жылдармен жасасып келе жатқандығының сыры оның қара қобызбен байланысының болғандығынан шығар.

Ауқымды шараны өткізуге қолдау білдірген Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов:

– Қай аспапты алып қарасақта қазақ халқының тарихи-этникалық мәдениетінің көзі, рухани қазынасы екендігін аңғарамыз. Жаһандану заманында жоғалып кетпес үшін жандүниемізді жадыратып, рухымызды дүр сілкіндіретін осындай ұлттық аспаптарымызды сақтап, дамыту біздің ұлт ретіндегі ұлы борышымыз. Ендігі міндет – қазыналы байлығымызды дәріптеп, ұлттық өнерді ел арасына тарату. Осы орайда Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тереңге тамыр жіберуге зор мүмкіндік беріп отыр. Қойнауы құтқа, жері ырысқа толы Сәтбаев қаласы бұл бағытта қалыс қалған жоқ. Кеншілер сарайының жанында жазба ақындар, жыршы-термешілер, дәстүрлі әншілер үйірмесі жұмыс жасайды. Өнер мектебінде жетіген, сазсырнай, қобыз сыныптары бар. Күні кеше ғана республикалық жас ақындардың, жыршы-термешілердің байқауын өткіздік. Мұның барлығы осы бағыттағы жұмыстардың нәтижелі жүргізілгендігінің белгісі. Алдағы уақытта арамыздан жас өрендердің қияға қанат қаға берері сөзсіз, – дей келе, еліміздің түкпір-түкпірінен ат терлетіп келген өнерпаздарға сәттілік тіледі.

Мұнан соң кеш тізгіні республикаға танымал қобызшы Байқара Сәдуақасовтың жетекшілігіндегі Қарағанды облыстық Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Арқа сазы» фольклорлық ансамбліне берілді. Абылайханның «Шаңды жорық», Тәттімбеттің «Саржайлау», «Бестөресін», Есбайдың «Ақ ілмесін», Ықыластың «Жезкиігін», Ермұрат Үсеновтің «Қойлыбайдың сарынын», Жалдыбайдың «Қара жорғасын», Ахметбек Әлтекеұлының «Жылқышы» күйлерін орындап, бәс тігілген бәйгеге ниеттестігін білдірді.

Дарындылар сынға түскен тартысты додада «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққандарға Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ермұрат Үсенов бастаған дүлдүлдер баға берді. Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры Раушан Мұсақожаева, ҚР мәдениет қайраткері, облыс әкімінің «Алтын қобыз» сыйлығының иегері Байғара Сәдуақасов, Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрінің қылқобызшысы Құрманбек Жүгініс, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының аға оқытушысы Гүлфайруз Далғабай, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының және Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының доценті Талғат Мұқышев секілді өнер майталмандарынан құралған қазылар алқасы қатысушылардың өнерін екі кезең бойынша сарапқа салды.

Жылдан жылға байқау аясы кеңіп, қатысушылар саны арта түсуде. Бірінші кезеңде үміткерлер Ықыластың «Ерденін», Қорқыттың «Қорқыт» күйінің бірінші түрі мен Ермұрат Үсеновтің «Қойлыбайдың сарыны» шығармасын, екінші айналымда фортепиано сүйемелдеуімен Қазақстан композиторларының шығармаларын орындады.
Қысқасы, бірінен бір өткен өнерпаздар ұлттық аспаптардың құдіретін танытуға барынша тырысты. Екі күн бойы сансыз бояулы, сиқырға толы үн төкті. Қорқыт болып күңіреніп, Қойлыбай болып тебіренді, Балақай бақсы болып барын айтты, Ерден мен Ықылас болып сырын ақтарды.

Көп ұзамай құрамы республикаға танымал мамандардан тұратын қазылар алқасы топ жарып, мәре сызығын қиғандарды анықтады.

Астаналық Шолпан Шарапатова, алматылық Әйгерім Қараменова мен Мәдина Тілеубаев және Райхан Омар үшінші орынға лайық деп табылып, жетпіс бес мың теңгені қанжығаласа, екі бірдей екінші орын қарағандылық Алтай Үсенов пен астаналық Санджай Әлмішевке бұйырды. Жүлде қоры жүз елу мың теңгені құрады. Бірінші орынды Солтүстік Қазақстан облысынан келген Айдос Ақылбеков пен қарағандылық Мариям Үсен жеңіп алып, екі жүз мың теңгеге ие болса, байқаудың бас жүлдесі астаналық Фариза Көшеғұлованың қанжығасына байланды. Талабы тас жарған Фариза мәреге сүрінбей жетіп, төрт жүз мың теңгені талассыз иеленді.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.