Премьер-Министр кеншілер қаласында болды

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев сәрсенбінің сәтті күні Сәтбаев қаласына атбасын тіреді. Кеншілер қаласындағы сапарын Премьер-Министр Үкіметтің Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге бағытталған кешенді жоспары аясында салынып, пайдалануға беріліп жатқан «Нұрлы мекен» шағын ауданының құрылысымен танысудан бастады.

Орайы келгенде айта кетейік, «Нұрлы мекен» шағын ауданына Сәтбаев қаласы аумағындағы кен орындарының үстінде орналасқан елді мекендердің тұрғындары көшіріліп, қоныстандырылуда. Осы мақсатта кеншілер қаласының батыс аймағында 40 көп қабатты тұрғын үй салынып, кезең-кезеңімен пайдалануға берілуде.

Қасында Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов пен «Қазақмыс» корпорациясының ресми өкілдері бар құрметті мейманды «Нұрлы мекен» шаған ауданында қарсы алған Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов шағын ауданның құрылысы жайлы егжей-тегжейлі баяндады. Оның айтуынша, қоныс аударушы азаматтар үшін бүгінгі таңда шағын ауданда жалпы көлемі 118 700 шаршы метрді құрайтын 1760 пәтер салынған. Магистральді жылу жүйесі жүргізілген, үйлер қажетті инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз етілген.

Қала басшысы сондай-ақ, үстіміздегі жылдың маусым айының соңына дейін ауданы 12100 шаршы метр болатын (195 пәтер) 4 үй тұрғызылатынын айтты. Бұған қоса, биыл 107 екі пәтерлі үй мен екі жатақхана құрылысын аяқтау көзделген.

Үкімет басшысы сапар барысында шағын аудан тұрғындарымен де тілдесіп, пікір тыңдады. Жезқазған поселкесінен қоныс аударған Галина Беланова жаңа пәтерге қолы жеткеніне қуанышты екенін айтты.

– Заманауи үлгіде салынған жаңа үйлер көңілімізден шығып отыр. Елбасына, облыс, қала әкімдеріне алғысымыз шексіз. Шағын ауданды гүлдендіру енді өз қолымызда, – дейді Галина Феодоровна.

Премьер-Министр бұдан соң қаламызда жаңадан ашылған «Ханум» макарон өнімдерін шығаратын кәсіпорынға келді.

Бұл жерде Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алмас Айдаров өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Айтуынша, өңірде өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 65 жоба қолдауға ие болған екен. Бұдан өзге, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қаржылық қолдау шараларымен 33 жоба қамтылған.

«Ханум» цехын таныстыру барысында кәсіпорынның атқарушы директоры Алена Алексеева жобалық қуаттылығы – сағатына 200 келі кәсіпорынның жылына 3000 тонна макарон өнімдерін шығаратынын мәлімдеді. Ашылғаннан бергі алты айда 5,5 тонна өнім шығарған.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту барысымен танысқан Б.Сағынтаев бұдан соң қаламызбен қоңсылас жатқан мысты шаһарға атбасын бұрды.

Ізтай Белгібайұлы.
Суреттерді түсірген Е.Ванюшов.

Комментарии закрыты.