«Ортақ отанымыз — қазақ жері»

Байтақ даламызды мекендеген 130-дан астам түрлі ұлт өкілдері осындай ойда. Бұл «Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз» ЖШС Тау-кен шахта жабдықтары зауытына барғанымызда тіптен айқындала түсті.

«Бірлік болмай, тірлік болмас» деген атам қазақ. Берекені көздеген еліміз мерекелі тірлік жасауда. Сондықтан болар, аталмыш мейрамның өндірісте өзегін талдырмаған өзге ұлттар үшін де орны ерекше. Механикалық цехта жиырма екі жылдан бері талмай тер төгіп келе жатқан Тамара Белякина бейбітшілік пен ынтымақ туы желбіреген елде тұрып жатқандығына қуанады.

– Қазақ бауырмал халық. Әр кезеңде пана іздеп келген «жат жұрттарды» бауырына басып, төрінен орын берді. Қиын кезеңдерде бір тілім нанды бөліп жеді. Біз осыны ұмытпаймыз. Келер ұрпаққа айтып отырамыз. Тәуелсіз Қазақстанда салт-дәстүрімізді жаңғыртып, мәдениетімізді дамытудамыз. Тіліміз бен ділімізді ұмытқанымыз жоқ. Құқығымыз бен еркіндігіміз сақталуда. Рухани құндылықтарымызға барша жұрт құрметпен қарайды. Бұдан артық не керек?! – деген Тамара Борисовна бүгінде цехтың аға шебері. Еңбек адамы ретінде құрметке ие. Куйеуі Николаймен бірге екі бала өсірген аяулы ана.

Ал, еңбек өтілі қырық жылды құрайтын жонушы Зәуреш Құсайынованың ата-анасы ел басына күн туған заманда Ресейдегі Челябинск облысының Троицск қаласын паналаған екен. Кейіннен туған жерге қоныс аударыпты.

– Ұлт пен ұлыстың өткен кезеңдегі тарихы мен оның сабақтастығын дәріптеуіміз керек. Біз де басымызға күн туғанда өзге жерден жақсылық таптық. Өсіп-өніп, аман-есен жұртымызға оралдық. Осының өзінде этносаралық үйлесім мен қоғамдық келісім жатыр. Бұл еліміздің бейбіт тірлігін баянды ете түсуде, – дейді ол.

Бесінші разрядты жонушы Александр Склер Украин ұлтының өкілі. Ата-анасы Владимир мен Анна қилы заманда қазаны ортаймаған қазақ еліне келіп, киелі топырақта өркен жайды. Өндірісте еңбек етті. Бүгінде ізін ұрпақтары жалғастыруда.

– Саяси тұрақтылықты сақтау жолында аянбай еңбек ету міндетіміз. Бұл жетістіктің қадірін біліп, бағалауымыз керек. Себебі ұлтқа бөліп емес, адам деп сыйлау, іскерлігіне қарай бағалау орын алуда. Бізді өзекке теппей, терең кемеңгерлікпен ешқашан тарылмаған қазақ елі достық пен ынтымақтың бесігіне айналуда. Бейбітшілігіміз ұзағынан болғай! – деп әңгімесін ізгі тілегімен аяқтады А.Склер.

Міне, Тәуелсіздігіміздің асуларында еліміздегі басқа ұлттардың да үлесі бар. Ендеше, айтулы мерекені көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алуға толық негіз бар.

Мейрамгүл АЛПЫСБАЙ, сурет автордікі.

Комментарии закрыты.