Өнерлі бала сүйкімді

Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайын жуырда қаламыздағы өресі биік шығармашылық орда Балалар өнер мектебі шәкірттерінің сиқырға толы әуезді әуені кернеді. Киелі қарашаңырақ тәрбиеленушілері әлемдік музыка жауһарларын жан толқытар тебіреніспен орындап, ұлттық аспаптардың құйқылжыған үнін күмбірлетті. Мектептің есеп беру концертіне өнерге таласы бар қала жұртшылығы жиналып, шығармашыл жастардың шабытына шабыт қосты.

1985 жылы негізі қаланған балалар өнер мектебі бүгінде жалынды жастардың шығармашылығын шыңдап, дәстүрлі өнерге ден қойған дарындар ордасы саналады. 1995 жылы қаладағы музыка және бейнелеу өнері мектептерінің біріктірілуімен жұмысы қайта жанданған балалар мектебі талай жастың талантын тануына жағдай жасады. Осында тәрбиеленген өнерлі өрендер талай халықаралық байқауларда топ жарып, ел мерейін асқақтатты да. Еселі еңбектің өнбегі бар. Өнер мектебі ЮНЕСКО-ның клуб мүшелігіне еніп, беделді жарыстарға өз шәкірттерінің дарынын байқатуға мүмкіндік алды. Бүгінде мұнда ауқымды 8 бөлім ішінде 17 мамандық бойынша 1060-қа тарта шәкірт тәрбиеленуде. Өнер ошағының есеп беру концертіне 500 өнерпаз өз өнерлерін ортаға салды.

– Жастар жылына байланыстырылған концерт біздің мектепте оқитын оқушыларымызға сөзсіз шыңдалуға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Сәтбаев қаласында ең үлкен өнер ордасы осы өнер мектебі болып саналады. Оқу жоспарына сәйкес біздегі оқушылар бес және сегіз жыл мерзімінде тәлім алады. Ата-аналар өз балаларын көбіне би үйірмесіне жібереді. Қазір бізде екі жыл бұрын ашылған 4-6 жас аралығындағы балаларға арналған жалпы эстетикалық бөлімге сұраныс артып келеді, – дейді мектеп директоры Жанна Әміралинова.
«Жастық – болашақ атаулының бастауы» атты концертте сан түрлі халықтардың композициялары орындалды. Аспаптық үйірме мүшелері қазақ аспаптарынан бөлек скрипка, флейта, гитарамен сүйемелденген туындылар көпшілік назарына ұсынылды. Хореографиялық ансамбльдер биден шашу шашса, вокал топтары джаз жанрында ән шырқады. Театр ұжымдары да сахналық көріністерді шеберлікпен сомдап шықты. Бұл күні жиналған жұртшылық бейнелеу өнері бөлімі оқушылары әзірлеген туындылар көрмесін тамашалады.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.