Құрметті сәтбаевтықтар!

Сіздерді Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын!

Халқымыздың «Ырыс алды – ынтымақ» деген қанатты сөзінің астарында үлкен мән бар. Ел бірлігі, достық пен бауырмалдық, бейбіт күннің, татулықтың темірқазығындай ең басты құндылық баға жетпес байлығымыз болып табылады.

Біз бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолына жұмылған қуатты елміз. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең жоғары байлығымыз. Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету – әрбір Қазақстан азаматының міндеті.

Өздеріңізге белгілі, қаламызда түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері ауызбіршілік, ынтымақ, бейбітшілікте өмір сүріп келеді. «Достық» үйінде этномәдени бірлестіктер бір шаңырақ астына бірігіп, қаламыздың дамуына атсалысуда. Ол біздің халқымыздың достығын, елдігін, ынтымағын білдіреді. Біздің тілегіміз бір, мақсатымыз – жалғыз. Ол – жері гүлденген, елі түрленген, дамуы жедел, ұрпағы кемел мәңгілік Қазақстан!

Құрметті жерлестер!

Туған жердің төсінде, бейбіт елдің ішінде ел бірлігін сақтауға атсалысайық! Түрі басқа болғанымен тілегі бір, жүзі басқа болғанымен жүрегі бір көп ұлттың өкілдерімен бекем бірлікте болып, жас ұрпаққа жарқын болашақ сыйлайық! Бүгінгі мереке қарсаңында Сіздерге бақыт, зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Бейбіт өмірдің берекесі, халқымыздың ынтымақ, бірлігі арта берсін!

А.Ыдырысов,
Сәтбаев қаласының әкімі.
Т.Хмилярчук,
қалалық мәслихат хатшысы.

Комментарии закрыты.