Қызылша деген не және ол несімен қауіпті?

Қызылша – дене қызуының 38-40° С-қа дейін көтерілуімен, жалпы уланумен, шырышты көз, мұрын жұтқыншақ, жоғарғы тыныс алу жолдарындағы қабыну құбылыстарымен, кейіннен бөртпенің пайда болуымен сипатталатын жіті инфекциялық ауру. Жалпы әлсіздік пайда болып, бас ауырып,тәбет төмендейді, ұйқы бұзылады.

Қызылша кезінде кейіннен бір біріне бірігетін, қызғылт немесе қызыл дақ түрінде бөртпелер шығады.
· Бірінші күні бөртпе құлақтың артына, бастың шаш бөлігіне, бетке және мойынға, кеуденің жоғары бөлігіне шығады;
· Екінші күні бөртпе денеге және қолдың жоғарғы бөлігіне шығады;
· Үшінші тәулікте бөртпе аяққа шығып, бөртпе беті бозарады.
Инфекция көзі – науқас адам. Вирус ауа-тамшы жолы арқылы, сілекей тамшылары арқылы, түшкірген кезде, сөйлеген кезде таралады. Ауа ағымымен вирус айтарлықтай қашықтыққа таралуы мүмкін. Қызылшамен ауыратын науқас болған үй-жайдың ауасымен тыныс алған кезде қызылша жұғуы мүмкін. Егер адам қызылшамен ауырмаған болса және осы инфекцияға қарсы егілмеген болса, онда науқаспен байланыста болғаннан кейін 100%-да қызылшаның жұғуы орын алады.
Қызылшамен ауыратын науқас айналасындағылар үшін 7-10 күн ішінде қауіпті болып табылады.
Қызылшамен сырқаттанған кезде аурудың асқынуы мүмкін. Асқынуға өкпенің қабынуы (пневмония), орта құлақтың қабынуы (отит), кей жағдайда энцефалит (мидың қабынуы) тәрізді өте күрделі аурулар жатады.
Қызылшамен ауырып сауыққаннан кейін ұзақ уақыт бойы (2 айға дейін) иммунитеттің төмендеуі байқалатынын есте сақтау қажет, сондықтан бала қандай да бір суық тию немесе вирустық аурумен ауыруы мүмкін, мүмкіндігінше науқас балалармен қарым-қатынастан қорғау қажет.
Қызылшамен ауырған жағдайда ауырған адамды мүмкіндігінше шектеу керек. Адамдардың көп жиналған ортасына (туған күн, той т.б.) бармау керек.
Аурудан сенімді қорғанудың бірден бір жолы – Ұлттық егулер күнтізбесіне енгізілген қызылшаға қарсы вакцинация. Екпе алудан бас тарпаған жөн.

Комментарии закрыты.