Ерлігі мәңгі есте

Қаншама адамның қаны төгілген соғыстағы жеңіс бізге оңай жолмен келмегені белгілі. Мұны кейінгі өскелең ұрпақ жадынан мәңгілік шығармаулары тиіс. Сұрапыл соғыс жылдарында өзіне жүктелген міндетті азаматтық борышым деп біліп, әрі оны үлкен жанкештілікпен орындаған қаһармандар туралы қанша есті естелік айтса да ескірмесі анық. Майдан даласында жаудың шебіне өтіп, қарсыласын қапыда састырған батырлар туралы аз жазылып та жүрген жоқ. Солардың бірі, жерлесіміз Шубай Ізбасаровтың ерлігіне тоқталмақпыз.

Шубай Ізбасаров 1919 жылы Жезқазған кентінде дүниеге келді. 1939 жылдың 21 қарашасында әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышын Кеңес үкіметінің Қызыл әскері қатарында еңбек-шаруашылық қызметінде өткерді. Кейін екінші дүниежүзілік соғыстың алауы тұтанғанда мыңдаған қазақ сарбаздары секілді майдан даласына аттанды. Жауынгерлік жолды Украина, Молдова, Белорусь, Литва, Латвия жерлерінен өтті. 1942 жылы соғыс өтінде пулемет дәлдеушісі есебінде неміс фашистерінің ұшақтарына тойтарыс берді. 1944 жылы қатардағы сержант көзсіз ерлікке барды. Жаудың шекаралық сым қоршауын бірінші кесіп өтіп, 2 немістің көзін жояды. Қарсылас шебінде жан аямай шайқасқа түседі. Алайда, 1944 жылдың 19 маусымында жарақат алып, елге қайтады. Жауынгер шайқас шебінде көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін бірқатар медальмен марапатталды. Жаудың шекарасын бұзып, жанқиярлықпен неміс сарбаздарын тентіреткен тұлғаға КСРО Жоғарғы кеңесі президиумының төрағасы «Ерлігі үшін» медалін табыста-
ды. Кейін «Қызыл жұлдыз» ордені, «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» мерекелік медалі, сондай-ақ жеңістен кейінгі әр онжылдықта берілген құрмет медальдары өңірінде жарқырай көрінді. Соғыс ардагерінің есімі «Қаһарман», «Қатардағы қаһарман» естелік кітаптарына жазылды.
Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталысымен Шубай Ізбасаров 1946 жылы елге оралып, кен басқармасына жұмысқа орналасады. Мұнда ол ауысым басшысы ретінде он жылдан аса уақыт еселі еңбек етеді. 1956 жылы денсаулық жағдайына байланысты жұмыстан босатылады. Өмірлік жарымен 40 жыл бақуатты ғұмыр кешіп, екі бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ардагердің өнегелі өміріне бас иіп, ерлік істерін мақтан тұтатын ұрпақтары отансүйгіштік, ерлік ұғымдарын бабаларының батырлығымен байланыстырады.
Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.