Абайтанушы Омар ЖӘЛЕЛҰЛЫ: Әрбір істі жақсылық тұтып істеу қажет

Жуырда кенді қалаға елімізге белгілі абайтанушы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Алаш мәдениеті және рухани даму» институтының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлелұлы келіп «Ұрпағым ұлағатты болсын десеңіз» тақырыбында семинар-тренинг өткізді. Шаһар тұрғындарымен үш сағаттық кездесу кезінде ұлттық болмыс төңірегінде өрелі ойдан олжа салған Омар Жәлелұлымен біз де кездесіп, бірер сұрағымызға жауап алған едік. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

– Омар аға, қазақтың өнегеге толы руханиятын насихаттап жүрген бірден бір жан өзіңізсіз. Абай мен Шәкәрім қалдырған мол мұраны тереңінен зерттеп, оны бүгінгі қазаққа ұғынықты қылып тәпсірлеп беріп келесіз. Әңгімемізді жарық көрген «Харекет» кітабынан бастағанды жөн көріп отырмын. Бұл кітаптың негізгі айтар ойы қандай?

– Кітап атауының өзінде үлкен мән жатыр. Қазақ бұл сөзді ұмыт қалдырған. Кейінде ғана айналымға кірді. Бұл сөз бизнес деген сөздің қазақша баламасы. Алла Тағала Құранда: «Әл харакатул баракат» – дейді. Яғни, сен харекет етпесең, мен саған берекет бермеймін дегенді айтады. Ал, біз өкінішке қарай осы қағиданы түсінбегеннен кейін, барлығын Құдайдан күтіп отыра береміз. Адам өзі харекет етпейінше, Алла оған береке бермейтінін ұғыну керек. Қазақ «Харекет түбі – берекет» дейді. Абай арқылы харекет пен әрекеттің ара-жігін ажыратып алдық. Харекет дегеніміз – елдің игілігіне, қоғамның пайдасына жасалған іс-қимыл, ал әрекет жеке адамның өзінің эгоистік қимыл-қозғалысы екен. Қазақ сөздік қолданыста бұл сөздерді нәзік айырып отыр. Ұры адамды әрекетшіл оңбаған адам десе, пара алған адамды астыртын әрекет етті дейді. Қазақ не істеп жүрсің десе, бала-шағаның қам-қарекетімен жүрмін деп айтатынын естіген боларсыз.

«Қылып жүрген өнері, Харекеті – әрекет. Өзі оңбаған, антұрған кімге ойлайды берекет» – дейді Абай. Мұнда оңбаған, антұрған адамды әрекетшіл болады деп меңзейді. «Расы жоқ сөзінің, ырысы жоқ өзінің, өңкей жалған мақтанмен, шынның жүзін бояйды» деп жалғайды. Қазір қоғамға харекетшіл адам керек. Бұл кітап қазақша ойлау жүйесінің қалыптасуына септігін тигізбек.

Басымызда он сегіз миллиард нейрон бар десек, соның барлығы қазақша сайрап тұрады екен ғой. Қазақша айтылған ойдың көкейге қона кетуі содан екен. Жапондар сол себепті бүкіл әлем әдебиетінің технологиясын жапон тіліне аударады. Сондықтан жапонша ойлайды. Сол арқылы жапондардың озық технологиялық ғажайыбы дүниеге келіп отыр. Жөн делік. Енді осыған салыстырмалы баға беретіндер біздің қазақ неге өспей жатыр, неге көсегесі көгермей жатыр деген сауалдарға жауап іздеуде. Оған жауап қазақша ойламауымызда. «Ана сүті – бой өсіреді, ана тілі – ой өсіреді» дейді аталы сөз. Тіліміз көсіліп, мемлекеттік тіл болғанымен қолданыста аяғы тұсалып, отбасы ошақ қасынан аса алмай отыр. Өкініштісі, қазіргі кезде өз тілімізді өзіміз менсінбейтін жағдайға душар болдық. Отаршылдықтың (колонизацияның) салдарынан сол пәлекеттің ауыр зардабынан айыға алмай отырмыз. Отаршылдық өз халқын өзі менсінбеуге алып келеді екен. Аңдап қарасақ, бүкіл әлеуетіміз (потенциалымыз) қазақ тілінде тұр. «Харекет» кітабында осы турасында үңілдім. «Адам бол – мал тап» қағидасын арқау етіп, жазып шықтым.

– Сонда отаршылдық кеселінен арылу жолы қандай?

– Ауырған адам сауығуы үшін алдымен ауру екендігін мойындауы қажет қой. Сол секілді отаршылдықты мойындауымыз керек. Отаршылдық – ұлттың денесіне түскен улы кесел. Біз қазір соның түп-тамырын жойып емес, тек көріністерімен ғана күресіп жатырмыз. Әр нәрсені ой елегінен өткізіп отырған адамдар «осы қазақ бауырмалдық, мейірімділік, жанашырлық қасиеттерден жұрдай қалғаны ма? Пара алады, өз мүддесін сатады» дегенді көп айтады. Отаршылдықтың тигізген улы зардаптары міне, осылар. Бірақ, себебін анықтауға қауқарсыз болып отырмыз.

Мәселен, отаршыл­дықты әлем халықтары да бастан кешірді. Кешіріп қана қойған жоқ, одан арылды да. Тарих беттерінен Алжир Францияның, Үндістан Англияның отарында болғанын білеміз. Ұлтының ұлы тұлғалары Джавахарлал Неру, Махатма Ганди бастаған қозғалыс отарсыздануды жүргізді. Сондықтан бүкіл отар болған халықтар міндетті түрде отарсыздануы керек. Бұл абсолютті қағида. Дімкәс қоғам осы сырқатынан айыға алмай отыр.

– Бір сұқбатыңызда мінезі дұрыс болмаса, дін дәрменсіз депсіз. Бұл адамға дін ешқандай ықпал ете алмайды деген сөз бе?

– Шын мәнінде нағыз дін адамның мінезін өзгертуі керек. Егер дін адамның мінезін өзгертпесе, онда діннен пайда жоқ. Мен сол туралы айттым. Мәшһүр Жүсіп атамыз «Жігітке жарасады құла жирен, Дін ұстансаң топырақ боп аяққа иіл» – дейді. Дін адамды мейірімді, жұмсақ, кешірімді қылуы керек. Егер адам дін ұстанып қатая бастаса, яғни агрессивті болса, онда қателікке бой алдырған болады. Иман дұрыс болмаса, дін қиянатқа айналады екен. Қазіргі кезде қоғамның біраз парасы қиянат жасап жатыр. Өзіне жасайды. Өзін былай қойып, он екіде бір гүлі ашылмаған титтей сәбилердің көз жасына қалуда. Некелескен әйелдеріне қиянат жасап жатыр. Шәкәрім атамыз мұны иманның әлсіздігінен дейді.

– Бұл олқылықтар дінді дұрыс түсінбегендіктен орын алып жатқан болар?

– Адасушылық дінді ақылмен қабылдамаудан болады. Шәкәрім ашығын айтты, «Шын ақылмен таппаған дін емес, ол – жын». Қазір жастардың жынданып жүруіне сол себеп. Иман әрбір ақылды адамға парыз етілді емес пе, егер сен туабітті ауру болсаң, саған иман парыз емес. Негізгі себеп осы, дінді ақылмен қабылдамауында болып тұр.

– Бұл отбасындағы әуел баста берілетін тәрбиеден бастау алмай ма? Жалпы баланың жақсы болмағы неден?

– Абай: «Туғызған ата-ана жоқ, Туғызарлық бала жоқ» дейді. Баланың жақсы болмағы ата-анаға байланысты, нақтырақ айтсақ, ата-ананың туғызуына тікелей байланысты екенін айтып отыр. Байқап отырғанымыздай, Абай тек «анаға» байланысты деп отырған жоқ, «атаны» қоса айтып отыр. Сонда, қазақша айтсақ, баланың жақсы болмағы атаның күшіне (шаһуатына), ананың жатырына байланысты болмақ. Осыдан келіп «туу», «туғызу», «туысы» деген баланың сапасын анықтайтын ұғымдар пайда болады. Қазіргі қазақ «туысы» сөзді мүлдем түсінбейтін болды: ол не, «родственник» пе дейді. Осының бәрі қазақтықтан мүлдем алыстап кеткендігіміздің салдары. Әйтпесе бұрынғы қазақ бір адамға разы болғанда «Па, шіркін! Тусаң, ту!» деп айғайлайтынын неге ұмытып қалдық? Немесе қазақта мынадай мақал бар: «Бітісі жаман қамысты су ішінде өрт алады, туысы жаманды түйе үстінен ит қабады». Дана қазақ болуы мүмкін емес нәрсеге тіреп, мәселені ақылға сыйымсыз (абсурд) жағдайға жеткізіп отыр. Туысы жаман адамның сүрінбейтін жерден сүрінетінін, қателеспейтін жерден қателесетінін айтып отыр. Ал біз қит етсе «нағашысына тартқан ғой» дейміз. Өзімізден көрмейміз, кінәні өзімізден іздемейміз, өзгеге жаба салатын әдет пайда болды. Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Жақсылық көрсем өзімнен, Жамандық көрсем өзімнен.Тағдыр қылды деулерді, Шығарамын сөзімнен. Өзім қылдым деулерді, Таса қылман көзімнен» дейді. Балаң жаман болса, өзіңнен көр, өзгеден көрме. Әр істі өзіңнен көру – бізді жауапкерлікке үйретеді. «Пенде не көрсе өзінің надандығынан, олақтығынан, салақтығынан, сараңдығынан көреді. Бала бұл Құдайдың жарататұғын нәрсесі емес, баланы ерлі-байлы үйір-шүйір болып, алқынып-жұлқынып өздері жасайды» дейді қазақтың әулиесі Мәшһүр Жүсіп. Баланы туғызу – терең білімді, үлкен мәдениетті, жауапкершілікті талап етеді. Өйткені, «Ат – биеден, алып – анадан туады, Қас бұзақы қардан туады». Ал қазіргі қазақтың баланы туғызуы «бұқаның қашарға артылғанындай ғана болып қалды» дейді тағы да Мәшһүр Жүсіп.

– Ұлы Абайдың «Адам бол – мал тап» деген сөзін кітабыңызға негіз етіп алыпсыз. Бұл ұран болуға тұрарлық қағида есебінде ме?

– Абайдың «адам бол» деген сөзін бұған дейін дұрыс түсінбеген екенбіз ғой. Біз «адам бол» дегенді «Бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық бол, адам болам десеңіз» екен деп жүрміз. Абай мұның барлығын қорытындылай келе бір-ақ сөзбен жеткізген екен. Ол «адам бол – мал тап» дейді. Біз балаларымызға «адам бол» дейміз, бірақ, «мал тап» деп айтпаймыз. Өйткені, бізді кеңес үкіметі «мал деген жаман» деп үйретті. Сондықтан біз бүгін кедейшіліктің қамытын киіп отырмыз.

Қазақ жалқау халық деп жатады. Бұл өтірік сөз. Егер қазақ жалқау болса әлемде тоғызыншы орын алатын кең байтақ жерін сақтап қала алмас еді. Бұл отаршылдықтың бізге тигізген кесірі. Халықты өзіне деген сенімінен айыру мақсатында «сен жалқаусың», «сен сауатсызсың», «біз сенің көзіңді аштық», «сен мал баққаннан басқа ешнәрсе білмейсің» деп, резервациялық сананы қалыптастырды. Халыққа «сен жалқаусың, жалқаусың» дей берсе, «иә, мен расымен жалқау екенмін ғой» деп қабылдайды. Қазақтың харекеті болмаса — қазақты қолдануға болады, қазақты құлдануға болады, қазақтың есебінен күн көруге болады деген сөз ғой.

– Сонда табыстың кілті неде?

– Табыстың кілті – еңбекте. Басқа ешнәрсе емес. Адамға он екі мүше мал табу үшін берілген. Ал біз балаларымызға «Жассың, ойна, күл, ел арала» деп үйретеміз. «Он екі мүшең сау болса, кедеймін деп айтпа» дейді қазақ. Жақсы, он екі мүшеңіз сау делік. Енді не істейсіз? Енді мал табуды үйрететін ғылымды меңгеру қажет. Біз мұны «бизнес» деп қана түсініп жүрміз. Негізінде кез-келген кәсіптің ғылымы бар. Менің бір танысым 6 мың доллар төлеп, Италияға барып шаштараздың оқуын оқып келді. Бүгін оның бір шаш қысқартуы 50 мың теңге тұрады. Тағы бір танысым аспаздық ғылымды жете меңгеріп, айына 6 мың доллар жалақы алатын жағдайға жетті. Ал біз бұл кәсіптерді менсінбейміз. Бізге таза костюммен жүріп, кедей болып өту ұнайды. Кеудең қаптай, қалтаңда көк тиының жоқ. Бұл масқаралық емес пе?
Қазақ амандасқанда «мал-жан аман ба» дейді. Сонда сөздің алдында тұрған мал не үшін керек? Шәкәрім оған былай жауап береді: «Ыстық, суық, аштықтан сақтау үшін». Демек, адамның жанын сақтап қалу үшін екен. Адам баласының күллі ғаламның иесі Алла Тағалаға жасайтын шүкіршілігі екі түрлі болады екен. Біріншісі – ауызбен айтқан шүкіршілік. Екіншісі – малмен жасаған шүкіршілік. Яғни, малыңмен, ақшаңмен, дүние-мүлкіңмен бөлісу. Жетім-жесірлерге, жарлы-жақыбайларға қайта­рымсыз көмек көрсету. Қазақ «Ақыл – қайда? – деген сауалға: Ақыл – малда!» дейді. Осылайша жанның алдына малды шығарады. Мұның үш себебі бар. Біріншіден, мал сенің жаныңды сақтап қалады. Екіншіден, егер малың болмаса біреуден мал дәметіп қолыңды жаясың, тіленесің, үй қыдырып ас ішесің. Абай айтады: «үй қыдырып, ас ішіп — еркек арын сатады. Бала-шаға, ұрғашы, үйде жаурап қатады». Осындай еркектер 19- ғасырда пайда бола бастаған. «Тоярға өз үйіңнен қолың қысқа, ас берер ауылды іздеп жүрсің босқа. Бір жілік пен бір аяқ қымыз берген, дереу сені жұмсайды бір жұмысқа». Адамның құлдануы, оның қадірі кетуі осыдан басталады. Малың жоқ болса, еріксіз ұятыңнан айырыласың. Үшіншіден, мал бойыңдағы адамгершілік қасиеттерді жүзеге асыру үшін керек екен. Мысалы, жетім-жесірге көмектесу үшін мал керек. Бір бала өте талантты, ақылы жетіп тұр, беделді оқу орнында оқыту керек – мал керек. Жас жігіттің сүйген қызы бар, қалың малы жоқ. Үйлендіру үшін – мал керек. Ет жақының ауырып жатыр, шұғыл көмек қажет. Ақылың бар, бірақ қолыңда ақшаң жоқ. Мұндай ақылыңнан не пайда? Ол кімге керек? Сондықтан қазақ «ақыл малда» дейді. «Адам бол – мал тап» деген сөзді қағида етіп алуым осыдан.

– Сіздіңше бала тәрбиелеудің қарапайым формуласы қандай?

– Мен бала тәрбиелеп әуре болмаңыздар деп барлық семинар, сабақтарымда айтып отырамын. Бұл қазақ руханиятында ашық айтылып тұр. «Әкеге қарап ұл өседі» дейді. Әкенің айтқанымен емес. «Аяғын көріп асын іш, шешесін көріп қызын ал» дейді тағы. Бажайлап қарасаңыз, шеше өзі тәрбиелі болса, балаға тәрбие беріп керегі жоқ. Бала өзіңе қарап өседі. Әке мықты болса, ұл бала әкеге қарап өседі. Қазір көп отбасылар таңнан кешке дейін бала тәрбиелеуге тырысады. Бірақ өздері тәрбиесіз. Сөзі шикі, ісі шала. Өз тәрбиең жетісіп тұрғаны шамалы, оң нәтиже болады деп күтеді тағы. Яғни, еңбек босқа кетіп жатыр деген сөз. Жалпы, отбасы боларда адамға ойлану керек. Отбасы болуға дайынмын ба, мен өзімнің нәпсімнің иесімін бе деген сауалдарға бекем жауаптың болғаны дұрыс. Қазір көп шаңырақ тәрбиесінде кемшін тартып жатқан тұстар жетерлік. Бірі, мал табуға қыз балаларымызды тәрбиелеу. Ал шынтуайтында мал табу ер баланың міндеті болса керек. Қоғам неге өспей жатыр? Өйткені бала табатын қыздарымыз «мал» тауып жүр. Бір дәлелдеуді қажет етпейтін мысалды алайықшы. Ең мықты еркек ең жаман әйелдің қолынан келетін істі істей алмайды. Ол өмірге бала әкеле алмайды. Қоғамда ана болудың үлкен мәртебе екендігін, үлкен жұмыс екендігі айтылмайды. Ана болу деген үлкен мәртебе екендігін аңғарту қажет. Ал бізде қазір ана болу, отбасы болу керісінше мәртебе емес, қыз баланың карьерасына кедергі ретінде қарастырылып келеді. Сол себепті кәрі қыздар қатары көбейді. «Қайырылып қалған біз қорлық, отырып қалған қыз қорлық» дейтін баба сөзіне алып қосарымыз жоқ. Өкінішке қарай, ауру қоғамның ең асқынған түрі – отырып қалған қыздар өзін кәрімін деп сезінбейді. Қоғам кәрі емессің, жассың деп ұғындырады. Бір кемшілік осында.

– Шәкәрім атамыз «Құдайға жағу үшін Құдай секілді жаратушыға айналуымыз керек» дейді. Мұны қалай түсінеміз?

– Бұл Құдай қалаған адам болудың харекетінен туындаған сөз. Ол үшін сіздің бойыңызда Құдай сүйетін қылық болу керек. Абай «Алланың 99 көркем атын жатта. Жаттап қоя салма, Алланың аты Ғәділ ме – сен де әділ бол. Алланың аты Рахым ба, сен де рахымды, мейірімді бол. Алланың аты Ғафу ма, сен де кешірімді бол. Әне, сол кезде сен не тілесең, Құдай саған сұраған тілегіңді беретін болады» дейді. Шәкәрім бұл сөзімен «Құдайға ұнау үшін сен де жаратушы болуың керек. Жаңа зат, жаңа технология жасауың керек.

Айырмашылығың – Алла жоқтан бар жасайды, ал сен бардан бар жасасаң жетіп жатыр» деп отыр ғой Шәкәрім атамыз. Құдайдың бізге берген қасиеттерін жүзеге асыра бастағанда біз Құдайға ұқсай бастаймыз. Шәкәрім «Құдайға құл болудың мәнісін» Құдайдың өзі секілді Жаратушы болудың, зат жасап шығарумен түсіндіреді. Абай: «Ғибадаттың бар­лығы шүкіршіліктен басталады. Құдайдың бергенін танымайынша сенің ғибадатың толымды болмайды. Құдайдың жолы – шексіз жол. Сен не істесең де, мал ізде мейлі, ғылым ізде мейлі, жұртқа зәредей болса да жақсылығым тисін деп істемей, бас пайдаңды ғана ойлап істесең шектеулі жолға түсіп кеттің. Әрбір ісіңе бір жақсылықты негіз тұтып істесең сонда ғана шексіз жолға түсесің» дейді. Қалаларыңыздың есімі берілген Қаныш Сәтбаевтай алып тұлға секілді ғылыми жаңалық ашуға талпыну керек. Яғни, халыққа пайдалы игілікті іспен айналысқанда ғана көсеге көгереді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.