Кәсіби шеберлікті жоғарылату бағЫтында

Шығыс Жезқазған кенішінің шахталары кәсіби шеберлікті жоғарылату мақсатында еңбек қорғау және қауіпсіздік саясаты бойынша жарысқа түсті.

Шеберлік байқауына кеншілерден жасақталған төрт команда қатысты. Арнайы комиссия қатысушылардың білігі мен білімін, тәжірибесін сынға алды.

Бірінші кезеңде әр команданың эмблемасы, ұраны таныстырылды. Екінші кезеңде теория бойынша жарысқа түскен кеншілер билет сұрақтарына мүдірмей жауап берді. Жұмыс киімін, жеке қауіпсіздік құралдарын жылдам әрі дұрыс пайдаланудан өткен эстафета да байқаудың мәнін арттыра түсті. Комиссия мүшелері қатысушылардың қауіпсіздік техникасы ережесін дұрыс жүзеге асыру барысына, тәжірибелік тапсырманы орындау уақыты мен сапасына, дайындығына ерекше көңіл бөлді. Нәтижесінде қауіпсіздіктің кардиналды ережелерін жатқа білетіндігін танытқан №57 шахта командасы – бірінші, Басқарма құрамасы, екінші, №55 шахта командасы – үшінші, Анненск шахтасы төртінші орынға лайық деп танылып, «Жастар одағы» қоғамдық бірлестігінің марапатына ие болды.

Мұнан кейін команда мүшелері кір тасын көтеруден, қол күресінен күш сынасты. Кір тасын аспанға атқандар арасында А.Александров бірінші, Б.Сайлауов екінші, К.Серіков үшінші, қол күресінен Ғ.Қожаберген бірінші, К.Серіков екінші, А.Байсалбаев үшінші орынды иеленді. Жеңімпаздарға «Жастар – Болашақ» қоғамдық бірлестігінің сый-сияпаты табыс етілді. Сонымен қатар, өз ісінің үздігі атанған бір топ жас жұмысшыға дүниежүзілік еңбек қорғау күніне орай осы бірлестіктің кеніштегі төрағасы Е.Жақыпбеков арнайы сыйақы табыстады.

Сөз алған комиссия мүшелері кәсіби шеберлік байқауының «Қазақмыс» корпорациясы жете мән берген басты бағыттарының бірі екендігін айта келе, бірлік пен өзара сыйластық белгісіне айналған шараның жетістіктерге жетелейтіндігін жеткізді. Мұндай шараларды тұрақты ұйымдастыру алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Мира Шахат.

Комментарии закрыты.