Қауіпсіздік мәдениетін арттырғандар

Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайындағы салтанатта «Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз» ЖШС кәсіпорындарында 2019 жылдың бірінші тоқсаны бойынша жарияланған еңбек бәсекесі қорытындыланды. Дүниежүзілік еңбек қорғау күніне орай компания әкімшілігі мен кәсіподағы ұйымдастырған шарада еңбекті қорғау және қауіпсіздік мәдениетін арттырған үздіктердің есімі аталып, алдыңғы қатардағы ұжымдарға алғыс айтылды.

Еңбек бәсекесінің негізгі мақсаты – өндірістегі қауіпсіздік шараларын талапқа сай жүргізу, жұмыс жағдайын жақсарту. «Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз» ЖШС аппарат жетекшісі Сағадат Қуаныш мұның салмақты себебін ашып айтты.

– Еңбек қауіпсіздігі, жұмысшылардың саулығы секілді мәселелер әлі толық шешімін таба алмаған проблеманың бірі. Еңбек жағдайын, жұмыс орнын жақсартуға бағытталған шаралар жүзеге асырылуы тиіс. Біз қауіпсіздікті арттыру, апатты жағдайлардың алдын алуды барынша қаржыландыруға баса мән беріп, кәсіпорындарды қажетті жабдықтармен қамтамасыз етудеміз. Осы мақсатта жерасты талаптарына сәйкес келмейтіні ауыстырылуда. Өрт қауіпсіздігі жолға қойылып, жұмысшылардың денсаулығын жақсартуға ден қоюылуда. Оқыс оқиғалардың орын алуында алдын алмау, жауапсыздық, сауатсыздық себептері жатқандығына көзіміз жетіп отыр. Бұл ең бірінші учаске бастықтары, ауысым шеберлері деңгейінің төмендігі, жұмысшымен арадағы байланыстың жоқтығы. Қазіргі кезде олардың қауіпсіздік техникасы мен еңбекті қорғау ережелерін ұстануына, өз міндетін орындау уақыты мен сапасына, теориялық дайындық деңгейіне ерекше көңіл бөлінуде. Осы ретте өндіріс қауіпсіздігі, еңбекті қорғау бойынша біліктілік арттыру курстары жүргізілуде. Өткен жылы «Жезқазғансервис» кәсіпорны тапсырылған міндеттерді абыроймен атқарып шықты. Басқа кәсіпорындардың олардан үлгі алары сөзсіз. Мен мұның өзін біз үшін үлкен жетістік деп есептеймін.

Алдағы уақытта да аталмыш мәселеге баса мән беріп, еңбек қауіпсіздігін күшейтіп, жұмысшыларымыздың сау­лығын сақтай отырып, өнімді еңбек етуге тырысуымыз керек, – деді. Компанияның персонал жөніндегі директорының міндетін атқарушы Қарлығаш Темірбекова да осыған қосылып, «Өз ісінің үздігі» номинациясының иегерлерін марапаттады. «Балқашсервис» кәсіпорнының электрменгазбен дәнекерлеушісі Әділхан Ғалымжанов, «Қара­ғанды-­сервис» кәсіпорнының слесарь-жөндеушісі Андрей Огиев, тау-кен шахта жабдықтары зауытының электрменгазбен дәнекерлеушісі Аманғазы Қарықбол, «Жезқазғансервис» кәсіп­орнының слесары Андрей Петров осы аталым бойынша үздік деп танылды.
«Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз» ЖШС коммерциялық бөлім бастығы Дәрмен Әмірбеков, Шығыс Жезқазған кеніші №57 шахтасының сервистік учаске бастығы Нұрлан Жұмағұлов, тау-кен шахта жабдықтары зауытының механикалық цехының аға шебері Абай Ертаев, «Құсмұрын-Ақбастау» сервистік учаскесінің инженері Алексей Гордеев, «Балқашсервис» кәсіпорнының сервистік учаскесінің механигі Исмат Саилов «Үздік маман» атанса, «Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз» ЖШС қаржы директоры Лия Аскарова «Үздік басшы», Шығыс Жезқазған кеніші №73-75 шахтасының сервистік учаске бастығы Бауыржан Егізеков «Үздік механик», Солтүстік Жезқазған кенішіндегі Қ.Айтілесовтың бригадасы «Үздік бригада», «Нұрқазған» кенішінің сервистік учаскесі «Үздік сервистік учаске», «Балқашсервис» кәсіпорыны «Үздік кәсіпорын» номинациясына лайық деп табылды.

Салтанатты кеште «Жезқаз­ғансервис» және тау-кен шахта жабдықтары зауытындағы кәсіподақ төрайымы М.Тәкішева, «Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы Қарағанды филиалының Сәтбаев қала­сындағы өкілі Н.Шарападин, «Жастар – Болашақ» қоғамдық бірлестігінің кәсіпорындағы төрайымы Л.Мыңбаеваның марапатына бір топ майталмандар ие болды.
Дүниежүзілік еңбек қорғау күніне орай кәсіпорын учаскелері мен цехтары арасында байқау ұйымдастырылған болатын. «Үздік бейнебаян» номинациясы бойынша Ж.Ашықбаев, В.Шприков, Е.Досанов, Е.Нұрмағанбетов жеңімпаз атанды.

Мейрамгүл АЛПЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.