Жас инспекторлар жарысты

Жол-көлік оқиғаларының салдарынан әлемде жылына миллиондаған адам көз жұмады екен. Олардың арасында бала, жасөспірімдер саны едәуір артқан. Әлемдік тәжірибе жол апатын болдырмауда түрлі тәсілдерге иек артып, бұқаралық ақпараттық-түсіндіру жұмыс-
тарын жандандыруда. Тұтас қоғам үшін зардабы мол мәселені шешуде түрлі практикалық әдістер оң нәтижесін береді.

Қаламыздағы барлық білім мекемелерінде құрылған жас жол инспекторларының жасақтары сол олқылықтың орнын толтыруды көздейді.

Жуырда шаһардағы барлық 15 мектептің жасақтары жол-көлік оқиғалары санын азайту, қауіпсіздік ережелерін сақтау мақсатын түйген жас жол инспекторларының слетінде жарысты. Қалалық полиция және білім бөлімдерінің ұйымдастыруымен өткен шара осымен тоғызыншы мәрте өткізіліп, жылдың үздік жол білгірлерін анықтауда. №14 мектепте жалауын түрген жарыс 7 кезең бойынша, атап айтқанда, «Жас бағыттаушы», «Жас санитар», «ЖҚЕ білгірі», «Эрудиттер турнирі», саптық байқау, үгіт-насихат бригадаларының сайысы, «Қауіпсіз дөңгелек» велосипедистер конкурсы өтті. Екі күн бойы жасақтар өздерінің дайындықтарын байқатып, жол-көлік ережелерін терең білетінін аңғартты. Мектептің акт залында бірінші күні саптық байқау мен сапта ән айту машығы, жекелей сындарда жол-қауіпсіздік ережелерін білу, алғашқы медициналық көмек көрсету тәртібі түсіндірілсе, жарыстың екінші күнінде үздік үгіт-насихат бригадалары анықталды.

Байқау қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте бірінші орынды С.Сейфуллин атындағы гимназия құрамасы жеңіп алды. Ауыспалы кубокқа ие болған жеңімпаздар алдағы уақытта Қарағанды қаласында өтетін облыстық байқауда қала намысын қорғайтын болады. Ал, екінші орыннан №19 мектептің жасағы төбе көрсетсе, үшінші орынды №1 мектеп-гимназиясы мен №15 мектептің командалары өзара бөлісті. Барлық қатысушылар алғыс хат пен құнды сыйлықтарға ие болды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.