Құрметті соғыс және тыл ардагерлері! Қадірлі жерлестер!

Сіздерді жарқын мерекеміз – Ұлы Жеңіс күнімен құттықтаймыз!

Жанқиярлық ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген күні бізге азаттық пен бейбітшілік сыйлаған, соғыстан күйреген шаруашылықты қайта қалпына келтірген аға ұрпақ өкілдерін еске аламыз. Барынша құрмет пен ілтипатымызды білдіреміз. Майдангерлердің ерлігі мен қажыры жадымызда мәңгі сақталады.

Бүгінгі ұрпақ аға буын – ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Отан үшін от кешіп, еліміздің бостандығы үшін жасаған ерліктеріңізге кейінгі ұрпақ бас иіп, тағзым етеді.

Бұл ерлік мәңгілік және уақыт ағынымен жоғалып кетпейді. Сол бір қаһарлы соғыс жылдары алыстаған сайын маңызын барынша ұғына түсудеміз. Жеңіс күні бізді жетістіктерге жігерлендіреді, жанымызға қуат береді, алға ұмтылуымызға көмектеседі. Жеңістің қалай келгендігін ұғыну, қаза тапқандарды қадір тұтып, арамызда жүрген ардагерлерге ұдайы қамқорлық көрсету – парызымыз. Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы, еліміздің өркендеуі мен гүлденуі – қайсарлық пен қаһармандықтарыңыздың жемісі.

Қымбатты соғыс және тыл ардагерлері!

Қиындықтарға төтеп беріп, Жеңіс туын желбіреттіңіздер. Оның қандай күшпен келгендігін ұмытпаймыз және алғыс білдіреміз.

Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат тілейміз.
Жеңіс күні құтты болсын!

А.Ыдырысов,
Сәтбаев қаласының әкімі.
Т.Хмилярчук,
қалалық мәслихат хатшысы.

Комментарии закрыты.