Сап түзеді ұландар

7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай қаламыздың мектеп оқушылары Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайының алаңында сап түзеді. Мереке қарсаңында оқушылар арасында дәстүрлі қалалық «Алау» әскери-спорттық байқауы ұйымдастырылып, жігерлі жастардың алғашқы әскери дайындығы пысықталды. Барлығы 12 мектептің құрамасы қатысқан жарыста саптағы қозғалыс пен мерекелік маршта жүріп өту тексерілді.

Байқаудың ашылуына Сәтбаев қалалық білім бөлімінің басшысы Берік Ақышбеков, қалалық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Ербол Өткелбаев, тәжік-ауған соғыстарының ардагерлері қатысты. Өз кезегінде құттықтау сөзін алған Ербол Өткелбаев барша жиналған қауымды мерейлі мерекемен құттықтап, ел іргесінің берік болуын тіледі. Сондай-ақ, қорғаныс саласына қатысты қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан ардагерлерге бөлім атынан Алғыс хат табыстады. Байқаудың берекесін №19 мектеп оқушыларынан құрылған «Намыс» әскери клуб мүшелері кіргізді. Жалынды жастар ел рухын тіктейтін сөздермен жігерлендіріп қана қоймай, әскери дайындықтарын байқата білді.

«Алау» әскери-спорттық байқауы ұйымдастырушылардың сөзінше жасөспірімдердің жауынгерлік рухын оятып, елге деген отансүйгіштік пен шынайы патриотизмді қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылып келеді. Саптық байқау арқылы сарбаз ұғымын терең түйсіндіру, Отан қорғауға қажетті әскери машықтарды меңгерту байқаудың басты меже тұтқан мақсаты қатарында болғанын айта кеткен жөн.

Саптық жүрістерін пысықтаған қазылар командалардың сыртқы келбетіне, командирлердің іс-қимылдарына, пәрмендердің берілу тәртібіне назар аударды. Топтар саптық қимылдарды асқан сақтықпен орындап, ән де шырқады. Әскери командирлер алдында мерекелік маршпен жүріп өтті.

Байқау қорытындысында 1 орынды С.Сейфуллин атындағы гимназия мен №1 мектеп-гимназиясының командалары жеңіп алды. №15 жалпы білім беретін орта мектептің құрамасы екінші орынды еншілесе, №19 ЖББОМ үшінші орынды місе тұтты. Барлық қатысушыға алғыс хат пен құнды сыйлықтар табысталды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.