Ғалым ұлағаты өлеңмен өрілді

Қаламызда Сәтбаев, Жезқазған аймағының жас ақындары арасында қазақтың біртуар перзенті Қаныш Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толуына арналып ғалымның өшпес мұрасын өлеңге қосқан үздік туындыға байқау жарияланған болатын. Жуырда сол сөз бәйгесінің қорытындысы жарияланып, жергілікті ақындар мен әдебиет саласының мамандары үздік шығармаларды анықтады.

Қаныш Имантайұлының көп қырлы азамат болғандығы туралы мерзімді басылым беттерінде аз жазылып жүрген жоқ. Бүгінде ғалымның геолог, инженерлік кәсібінен бөлек, қаламгерлік қуатына ерекше назар аударылды. Сол публицистік қырынан танылған оның он жылдық қазақ мектептеріне жасап шыққан алгебра оқулығы, Абай шығармаларының алғашқы басылымдарының біріне редакторлық еткені жөнінде көп айтылады. Тіпті, батырлар жыры, оның ішінде Ер Едіге туралы жырға алғысөз жазып, жинақ етіп шығарды. Өз дәуірінің тыныс-тіршілігінің шежірешісі болған ғалымды жыр байқауында жас шайырлар өз шығармаларына қосты.

«Дана тұлғаның дара жолы» деп аталған жыр додасына өлеңге таласы бар, өрнекті сөзден түйін түйген 11 үміткер қатысты. Жас ақындардың жырларын қалаға белгілі ақындар Мұса Тілеуов, Абдолла Дастанов, Гүлнәр Өтемісқызы және №5 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Іргебай Әбдікәрімов таразылап, туындылардың көркемдік сапасына, идеялық мазмұнына, автордың поэтикалық-стильдік ерекшелігіне және Қ.Сәтбаевтың қырларының өлең сөзбен сомдалуына баса назар аударды.

Оқушылар сарайы­ның акт залында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, жергілікті әншілер ғалымның сүйіп орындаған халық әндерін ерекше ынта-ықыласпен шырқады. Үміткерлер рет-ретімен өздері ұсынған туындыны сахнада оқып, Сәтбаев ұлағатына үңілді.

Мүшәйра қорытындысы бойынша бас жүлдені ұлытаулық қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанат Әбдіғожиннің шығармасы жеңіп алды. 1 орынға Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің студенті Ақниет Тағыбергеннің туындысы лайық деп танылса, екінші орынды жезқазғандық Дана Мирзамсеитова мен ұлытаулық ақын Құрмет Тілеулинов иеленді. Үшінші орынды ұлытаулық Медет Қарахметов пен қаламыздағы С.Сейфуллин атындағы гимназияның ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Дана Абельдина өзара бөлісті. Барлық қатысушыға алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табысталды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.