Батырлық пен батылдық үлгісі

Ұлы Жеңістің 74 жылдық мерекесіне орай «Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Шыңғысов, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Бүкіров, «КәсіпҚорған» салалық кәсіподағының төрағасы Тоғызбай Тәжбенов бастаған бір топ азамат Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің шаңырағына атбасын тіреді.

– Жанқиярлық ерлік­теріңіз, Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктеріңіз жастарға үлгі ғана емес, бірнеше ұрпақты байланыстыратын рухани даму мен ұлттық өрлеудің шыңы болып табылады. Сіздер қазақ халқының батырлығы мен батылдығының үлгісісіздер, – деген Б.Шыңғысов қарт жауынгерлерге жүз елу мың теңге сыйақыға қоса азық-түлік себетін табыс етті.

Қатары жыл өткен сайын сиреп бара жатқан ардагерлер ел басына күн туғанда жауды талқандап, жеңіске жетуге зор үлес қосқан кешегі жас сарбаздар. Сәтбаев қаласын мекендегендер қатарында көзі тірісі Әкбар Аманжолов пен Тоғай Дауылбаев қана. Көрсетілген құрметке разы болған майдангерлер өткенге шолу жасап, әңгіме тиегін ағытты.

1923 жылы Ұлытау ауданында туып-өскен Тоғай Дауылбаев қан майданға қырық бірдің мамырында өрімдей 17 жасында аттанған. Бар болғаны үш сыныптық білім алған балаң жігіт қабырғасы қатпай жатып-ақ колхоздың ауыр жұмысына араласып, үлкендермен бірге егін егіп, шөп шауып, өгіз айдап, соқамен жер жыртып өскен.

Алғашында сегіз айдай дайындықтан өткен соң бірінші Украина маңындағы 29-атқыштар дивизиясында пулеметшінің көмекшісі болып майдан шебіне кіреді. Оқ пен оттың ортасында үш рет жараланып, аман қалған Тоғай ата бүгінде тоқсан алты жасқа аяқ басыпты. Соғыстың аяғына дейін қатыспаса да талай қырғынның бел ортасында болыпты. «Бірінші Украина майданының дұшпанға тойтарыс беріп, жеңісті бір табан жақындатуына себебі ерекше болды» деп бағалайды майдангер.

Кезекті қақтығыста Тоғай ата иығынан жарақат алады. Оқ жаурынын тесіп шыққан екен. Емделіп, госпитальдан шыға сала ұрысқа аттанған ол өз полкіне оралып, қолына қайтадан қару алады. Тойтарыс беретін кезекті шабуылда дұшпандар да беріспей, қатты қарсыласады. Немістердің мықты шебін бұзып-жарып, алға жылжудан танбаған дивизия талай елді мекендерді жау қолынан босатуға қатысады. Күн сайын осындай сұрапылдың ортасында жүріп аяғынан ауыр жараланған Тоғай Дауылбаевты қаруластары құтқарып, оқтың ортасынан арқалап алып шығады. Арбаға салып сүйретіп, қауіпсіз жерге жеткізеді. Қан тиылмай, өмір үшін арпалысқан жауынгерге сол жерде ұрыс даласында ота жасауға тура келеді. Осы шайқастан кейін батыл жауынгер Тоғай Дауылбаев «Маршал Г.К.Жуков» медалімен марапатталады.

Ал, Байқоңыр ауылында туып-өсіп, Қарсақбайда металлург ретінде еңбек жолын бастаған Әкбар Аманжолов 1941 жылдың мамырында Мәскеуге тәжірибеден өтуге жіберіледі. Әскери зауытта еңбек етіп жүргенінде өзі сұранып майданға аттанады. Осы жылдың қазан айында Вязьма қаласында жау қолына түсіп қалып, төрт рет тұтқыннан қашып шығуға талпыныс жасайды. Бірақ, қапыда қайта ұсталып, өлімші болып таяқ жейді. Жеңістен кейін де олардың үміті ақталмады. 1946 жылы тұтқындар эшелонмен Магаданға жөнелтіледі. Вагондардағы «Отанын сатқандар» деген жазу онсыз да өлім үстіндегі тұтқын солдаттардың санасын сансыратып жібергендей еді. Зайыбы поляк қызы Елена Антоновнамен лагерьде танысып, табысады. Тек Сталин өмірден өткеннен кейін ғана лагерь таратылып, Әкбар ата 1958 жылы отбасымен елге оралады. Ол бар өмірін геологиялық барлау жұмысына арнады. Екі рет Кеңес Одағына және Қазақстанға «Еңбегі сіңген өнертапқыш» атанды, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің арнайы дипломымен марапатталды. Бірақ, оның ғылыми жаңалықтары жүзеге асырылған жоқ. Себебі белгілі. Тұтқында адам төзгісіз азапты көрген Әкбар ата туған жерге оралғаннан кейін де көптеген кедергіге ұшырады. Бірақ, мойымады, барлық қиындықты жеңіп шықты.

– Құдайға шүкір, аспанымыз ашық, еліміз тыныш. Соғыс дегенді бүгінгілер көрмесін деп тілейміз. Қазіргі жастардан құрмет көрген сайын разы болып қаламыз. Соңымыздан осындай ұрпақтың өсіп келе жатқандығы қандай жақсы. Осы балалардың көрер жарығы үшін төгілген қанның текке кетпегеніне шүкіршілік етеміз, – дейді олар.

Әкелер жаққан отты өшірмейтіндей ұрпақтың жалғасып жатқандығына қуанған қариялар ақ батасын беріп шығарып салды.

Мұнан соң «Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалы ұйымдастырған шара Жезқазған қаласындағы «Байқоңыр» мейрамханасында жалғасын тапты. Жайылған ақ дастархан басында Ұлы Отан соғысының және тыл ардагерлері, Ауған соғысының ардагерлері, Чернобыль апатын жоюшылар мен әскери қызметкерлер бас қосты. Аға буын мен орта буынның ерлігін жастар ту еткен кеште «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқару кеңесінің бас директоры Б.Қырықпышев, ҚР Парламенті сенатының депутаты С.Ершов, мәжіліс депутаты А.Қожахметов бастаған ел ағалары ақжарма лебізін ақтарды. Филиал төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Бауыржан Қабденұлының қамқорлығына шынайы алғысын білдірген ардагерлер жарқын жүздесуде әңгіме-дүкен құрысып, серпіліп қайтты.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.