Қай елде қалай?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық жаңғыру Ұлыстың ұлы күнінен басталуы тиіс екенін қадап айтқан еді. Енді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамын жаңа сипатта атап өту туралы ұсыныс жасады.

Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл бастамасы әлеуметтік желіде үлкен қолдауға ие болды. Елдің бәрі Наурыз мейрамы өзге мерекелердің қатарында өзінің лайықты орнын алатын болды деп қуанып жатыр. Оның бірнеше күн қатарынан тойлануы заңдылық деген пікірлер айтылуда. Мәселен, бүкіл әлем жаппай тойлайтын дәстүрлі Жаңа жыл мерекесі кейбір елдерде демалыс күні ретінде рекордтық деңгейде. Оған себеп, мерекенің Рождество мейрамымен астасып жатқандығы. Айтар болсақ, Арменияда демалыс күндері кейбір жылдары 11 күнге барады екен. Ал, Ресейде 10 күн демалады. Қазір көршілеріміз 31 желтоқсанды «қызыл күн» етіп белгілеуді ұсынуда.
Католик дініндегі елдерде желтоқсан айында Рождество каникулы басталады. Бірақ, демалыс күндері әр елде әртүрлі. Әсіресе, Испания мен Италияда бұл мерзім нағыз қысқы демалыс саналады.
Аспан асты еліміз дейтін көршілеріміз – Қытайда жаңа жыл мерекесіне дайындық 15 күнге созылады. Бұл уақытта елде түрлі мекекелік шаралар ұйымдастырылып, салт-дәстүрге қатысты театрландырылған көріністер қойылады. Бір ғажабы, бұл мекекеге қытайлар жаппай қатысады. «Тәж тажалдың» ошағы болған ел биылғы жаңа жылдың өзін тайлы-тұяғы қалмай тойлағанын көзіміз көрді. Көшелердегі халықтың нөпірі сонша, көлік кептелісінен ел сағаттап жолда тұрды. Жай тұрған жоқ, мерекенің қызығын тамашалап, оған өздері де қатысты.
Еврейлердің Ханука мерекесі 8 күнге созылады екен. Бұл күні олар шырақ жағып, жаратушыға құлшылық жасайды. Рас, бұл күні ересектер жұмыс істейді, бірақ, балалар үшін бір апта демалыс беріледі.
Құймақ пісірумен ерекшеленетін тағы бір мереке – Масленица мейрамы да ұзақ тойланатын мейрамдардың бірі. Қысты шығарып салуға арналған бұл мереке бір аптаға созылған. Бір қызығы, оның әр күні әртүрлі дәстүрге негізделген. Бірақ, осы бір аптада жұртшылық тек сүт тағамдарын ғана ішіп, жеулері керек. Бұл мереке қазір біздің елімізде де дәстүрлі түрде тойланып келеді. Бірақ, елдің бәрі жұмыстан қол үзбейді.
Міне, енді осы мерекелердің қатарына Ұлыстың ұлы күні де келіп қосылды. 14-23 наурыз аралығында тойланатын Наурыз мерекесінде оның дәстүрлері, ұлттық құндылықтарымыз айқын көрініп, әдет-ғұрыптарымыздың иісі аңқып тұруы қажет.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.